Қаржы нарығын реттеушілерді цифрландырудың 2029 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді nationalbank.kz

Қаржы нарығын реттеушілерді цифрландырудың 2029 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді

Қазақстан Ұлттық Банкі реттеуші қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар мәселе қаралған ҚҰБ Басқармасының кезекті отырысы өткенін хабарлайды.

Басқарма қаржы нарығындағы реттеушілердің 2025-2029 жылдардағы цифрлық трансформациясының стратегиясын бекітті. Бұл стратегияда цифрлық активтердің, технологиялардың, ESG тәуекелдерінің дамуы мен қаржы секторы құрылымының өзгеруі ескерілген.

Стратегия Қазақстанның қаржы секторындағы цифрлық трансформация бойынша көшбасшы позициясын сақтауға бағытталған. Оның аясында цифрлық орталық банк құру, цифрлық инфрақұрылым қаржы нарығына қатысушылардың барлығына бірдей дәрежеде қолжетімді болуына жағдай жасау, барынша тиімді және тұрақты қадағалау үшін деректерге негізделген әдіс-тәсілдерді пайдалану, заманауи технологиялар мен АКТ инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ деректерді өңдеу процестерін стандарттау арқылы реттеу талаптарын жеңілдету қарастырылған.

Стратегияда келесі буын инфрақұрылымын дамыту, болашағы зор технология базасын және заманауи деректерді басқару инфрақұрылымын, сондай-ақ бірыңғай IT қызметтер орталығын құру мен басқарудың икемді әдістерін енгізуді қамтитын 100-ден астам жоба бар.

Сонымен қатар, ҚҰБ Басқармасының отырысында екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының есеп беруіне қатысты ережелер мен заңдарға өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылды.

 

Жаңалықтармен бөлісу