Қарасу ауданында жол қатынасының қиындығына байланысты әкімдікке тұрғындар шағым түсірген еді. Көктемгі су тасқынының салдарынан Тымтәуір, Қойбағар, Алабота, Биесойған, Жаншора көлдері бірігіп, судың жалпы аумағы 621,71 шаршы шақырымға жетті, орташа тереңдігі 1,5-2 метрді құрады. Су тасқыны аудан және облыс орталықтары арасындағы жол қатынасын қиындатты.
Бүгін осы мәселенің шешімі табылғанын аудан әкімі Қайрат Оспанов тікелей эфирде жариялады.
«Біз аудандағы төтенша жағдай мәселесі бойынша 3 шілде күні жиналдық. Облыстық басқармалардан өкілдер болды. Алдағы жоспарды талқылап бір шешімге келген болатынбыз. Басында екі бірдей сорғыш орнатылған. Судың деңгейі алпыс сантиметрге төмендегені байқалды. Енді үшіншісін орнатқалы жатырмыз. Бүгін облыс әкімдігінде осы мәселеге баса назар аударылып, ол жерден арнайы су бұру арнасын қазу туралы шешім қабылданды. Бұл шаруаны басшылық алдағы егіс науқанына дейін тездетуді тапсырды. Жер арқылы өтетін арнаның ұзындығы 14 километрден кем емес. Тереңдігі тоғыз метр болады. Ені – шамамен үш-төрт метр. Эксперттік ұйым жұмыс жүйесін істеп берді. Облыс әкімі де қолдап отыр. Қажетті қаражат бөлінетін болды. Су сору жұмыстары қатар жүре береді. Төтенше жағдайлар департаменті ресурстарын жіберіп, су сору стансасына жәрдем береді», – деді аудан әкімі Қайрат Оспанов.
Бекзат ӨМІРБЕК,
ҚӨУ студенті