Биыл Қарасу ауылдық округінде жаңа құбыр желісі тартылып, мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылмақ. Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Оған 674 млн 593 мың теңге қаралған. Қаражат облыстық бюджеттен және ұлттық қордан бөлінді. Жоба құрылысы 31 тамыз күні аяқталады деп жоспарланған.
Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыстың оңтүстік өңірлері үшін арнайы бағдарлама құрылып, іске асырылып жатыр. Аманкелді ауданына ауыз суға 715,1 млн теңге бөлінді. Осы және өзге де жұмыстар турасында облыс басшысы Құмар ақсақаловтың ауданға іссапарында айтылды.
Осы жылы аудандағы жолдарға 745,9 млн теңге жұмсалмақ, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,4% артық. Ал жарықтандыруға 20,7 млн теңге бөлініп, игерілу үстінде. Бүгінде Тасты, Ақсай ауылдарының кіреберісі асфальтталып, ауылдардың ішкі жолдары жаңадан төселініп жатыр.
Облыс әкімдігі мен «Даму» қоры бастамашылық еткен арнайы бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерде өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы үшін жылдық 1%-дан 100 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Тасты ауылындағы кездесуде оның да артықшылығы сөз етілді. Бағдарлама ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған.
Аманкелді ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға 100-ден астам өтініш берілген. Ауылдарда кәсіпкерлердің көп болуы халықтың өмірін жақсартуға ықпал етеді. Мәселен, «Табыс» ЖШС басшысы Бірнар Саматов ауыл шаруашылығына озық технологиялар мен тыңайтқыштарды пайдалана отырып, әр гектардан 20 центнер өнім алуды көздейді. Ол ауыл жұртын көмірмен және шөппен қамтамасыз ету арқылы өзі туған жерін қолдап келеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде ауылға спорт алаңдарын салу арқылы елді мекенді абаттандыруға септігін тигізуде. Тұрғындарға бірнеше жаңа жұмыс орындарын ашып берді. Мұндай кәсіпкерлер өз ауылдарының нағыз жанашыры және патриотизмнің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар.
Кездесу барысында Аманкелді тұрғыны Сәкен Нұрғожин облыс әкіміне сұрағын қойды. «Мен Аманкелді ауылындағы Ақан Нұрманов көшесінің тұрғынымын. Біздің көшеде кеңестік кезеңнен бері асфальт төселмеген. Бұл біздің басты мәселеміз. Сіздің атыңызға бұған дейін жалпы тұрғындар атынан хат жолдаған еді, әзірге жауап келген жоқ», – деді. Бұл сауалға Аманкелді ауданының әкімі Талғат Карбозов: «Ақан Нұрманов көшесіне асфальт төселеді. Біз бұған дейін жоба құжаттарын әзірлеп, сараптама жасатып, мемлекеттік тапсырыс порталына салған болатынбыз. Мердігер анықталмай жатыр. Жыл соңына дейін асфальт төселеді», – деп жауап берді.
Аймақ басшысы аудан әкіміне аталған мәселелерді ерекше бақылауға алып, оларды шешу және өңірді одан әрі дамыту жөнінде нақты шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар жүктеді.
Кездесу соңында облыс әкімі Аманкелді ауданындағы шаруа қожалығы иелерімен өңірді өркендету ұсыныстарын талқылады.
Аманкелді ауданы