Қарасу ауданында тасқын судан зардап шеккен отбасына баспана берілді

Қарасу ауданында тасқын судан зардап шеккен отбасына баспана берілді

Қосолаповтар отбасына жаңа пәтер алуға қаражатты «Жомарт жан» гуманитарлық орталығы аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» республикалық қоры бөлді.
Қарасу ауданында тұратын көп балалы отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Жалдап тұрып жатқан үйлері көктемгі тасқын кезінде су астында қалған. Комиссия оны тұруға жарамсыз, апатты деп баға берді. Бүгін қоғамдық қор Косолаповтар отбасына жаңа, жайлы пәтер алып беріп, баспанамен қамтамасыз етті.

«Қамқорлық танытып, көмек көрсеткені үшін ҚХА қорына ерекше алғыс айтамын. Жаңа пәтерімізде жаңа өмір бастап, өсіп, өнейік, еліміз аман болсын. Сіздердің игі істеріңіз балаларымыздың жарқын болашағына сенім ұялатты. Көмектеріңізге үлкен рахмет, бірге біз күшпіз», – деп ағынан жарылды Анна Косолапова.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» қорының басшысы Рафик Ягубович қордың басты мақсаты табиғи апат салдарынан қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсету және оларды қолайлы жағдайларымен қамтамасыз ету екенін айта келе:

«Су тасқынынан кейін халықтың көпшілігі ауыр жағдайға ұшырап, баспанасынан айрылды, құжаттарын да жоғалтты. Біз мұқтаж жандардың барлығына көмектесуге және зардап шеккен отбасылардың жағдайын қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз», – деді.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жалғасуда. Зардап шеккендерге жеке үй және көпқабатты үйлердегі пәтерлерді қосқанда 303 тұрғын үй сатып алынды. 153 үй, соның ішінде Арқалық қаласында 50 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. 812 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңалықтармен бөлісу