Қарасора алқабын өртеді

Қарасора алқабын өртеді

Қостанай станциясының желілік полиция бөлімінің полицейлері рейд барысында қала шетіндегі шаруа қожалықтың бірінен қарасора алқабын анықтады. Тыйым салынған жабайы шөптің аумағы 6 гектарды алып жатыр. Нәтижесінде ҚЖП бөлімі мен Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2500 мың есірткі бұтасын өртеп, көзін жойды.

Алқап Қостанай ауданына қарасты Мичурин елді мекені мен Қостанай қаласының маңынан табылған. Бұл жайлы Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің басшысы Мұхамбетғали Сейденов айтып берді.

            – Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қостанай полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп жедел алдын алу жұмысы шеңберінде “Қарасора 2023” және “Құқықтық тәртіп” іс-шарасын өткізді. Нәтижесінде Қостанай қаласынан 3 шақырым Мичурин ауылының маңынан шаруа қожалық аумағында жабайы қарасора өсіру фактісі анықталды. ҚЖП бөлімі мен Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және еріктілердің жәрдемдесуімен 6 гектар алқаптан 2500 мың түптен аса қарасораның көзі жойылды, – дейді басқарма басшысы.

Полиция қызметкерлері қандай да бір жер учаскесінде жабайы қарасора өсетін болса, дереу көзін жою керектігін ескертті. Әйтпесе, жер иеленуші жазаға тартылатын болады.

            – Жеке тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Шағын және орта, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тиісінше 40,70 және 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – дейді Мұхамбетғали Сейденов.

Биыл Қостанай станциясындағы желілік бөлімінде 4 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның біреуі аса ауыр қылмысқа жатады. Яғни, ұсталғандар есірткінің синтетикалық түрін заңсыз сақтаған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері салмағы 5042 грамм “гашишті” көлікте сақтап, одан кейін оны “Алматы-Қостанай” бағытындағы №43 пойыздың бесінші вогонында Шу станциясынан Қостанай станциясына дейін жеткізген азаматты ұстады. 2023 жылдың ақпан айында Б. есімді азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу