Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі егін алқаптарында шегірткенің қаптауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бұған күннің белсенділігі себеп болған.
-Шегірткенің, соның ішінде: азиялық, марокколық италиялық түрлердің таралуы күннің аптап ыстығымен байланысты. Әр 11 жыл сайын оның (шегірткенің таралуының – ред.) шарықтау шегіне жететін кезі болады. Келесі жылы «пик» болады. Шегірткенің орташа жылдық таралуына қарағанда 10, 20 есеге көбейеді. Былайша айтқанда, шегіртке 100, тіпті, 1000 жұмыртқаға дейін сала алады. Шегірткенің сондай циклділігі сол «пик» жылға сәйкес келеді, – деп түсіндірді Үкіметтің кулуарында сұхбат берген ведомство басшысы.
«Келесі жылы шегірткенің болмайтындығына уәде бере аласыз ба?» деген сұраққа министрдің берген жауабы төмендегідей болды.
– Келесі жылы «пик» болады. Шегіртке болады. Ол шегірткемен біз жұмыс істейміз, – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, биыл Қостанай және елдің батысындағы бірқатар облыстың фермерлері шегірткеден зардап шегіп отыр.