23 мая, 2025
Қарапайым жүргізуші кәсіпкерге қалай айналды?

Қарапайым жүргізуші кәсіпкерге қалай айналды?

Батырбек Исаков бала кезінен Қарасу төңірегінде тыңнан түрен салған кәнігі механизатолардың ыждағаттылғын көріп өсті. Қыс болса мал жайлап, жаз шыға ауыл үлкендеріне еріп, қырман басына аттанушы еді. Соның әсерінен болар, әрдайым жүргізушілік кәсіпті өзгелерден биік тұтты.

– Маған үнемі жолда жүрген ұнайтын. Ата-анамның «оқу оқы, жер таны!» деген ұсыныстарын қаперіме ілмедім. «Шопыр боламын!» деген ұстанымымнан қайтқам жоқ. Шыны керек, менің ауылда болғаным оларға да тиімді болды. Маңайдың тірлігіне қарайлайтын адам керек. Содан ауылда қалып, кеңшардың жұмысына араластым, – деп әңгімесінің тиегін ағытты бүгінде алпысты орталаған ел ағасы.

Баратын жолға қаладан енді бет алғанымыз сол еді. Ондай кезде өткеннен сөз қозғап, жол қысқартушыдан артық серік бар ма?!

– Қазақта «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген бар. Кезінде оқу іздеп бармаған алыс жолға балалы-шағалы болғанда екі қолға, бір күрек іздеп шықтым. Сөйттім де «Алматы, қайдасың?» деп тартып отырдым, – деп бір тоқтады.

Ол кезде бұлардың қазағы аз ортаға қалай үйренеміз, ешкімді танымаймыз деген ой  қаперінде болмаған. Қатардағы азаматтарды бос қоймайтын кеңес кезеңі де екі жасқа өзгеге мойын бұруға бет қаратпады. Кешегі ауыл баласын биік-биік ғимараттарымен Алатау баурайы қым-қуыт тірлігімен бауырына тарта түскендей. Аз уақыттың ішінде автопаркке қызметке орналасты…

Әңгімесінің қызық жеріне келгенде қалта телефоны шыр ете қалды:

– Есік алдына Газель автокөлігі келіп тұр дейсің бе?! Дұрыс, абайлап, түсіріп ала беріңдер. Әзірге орната берсін. Мен барғанша қоспай тұра тұрсын. Екінші Газель неге келіп тұр екен, туысқанымын дей ме?

Ағамыздың ана кісіге бұйыра сөйлегеніне қарағанда, қарапайым шопыр адамға мүлде келмейді. Кәсіпкер немесе бір шаруаны дөңгелетіп жүрген қожалық иесі тәрізді. Солай деп ойлағанша болған жоқ, үзілген әңгімесін Батырбек Исаков ақсақал жалғыстырып әкетті.

– Алматы шаһарында бір-біріне ұқсамайтын қызық күндерім жалғасып жатты. Автопаркке барамын, шай-пай ішіп алып, маршрутқа аттанамыз. График бойынша бәз баяғы соқпақтарды күні бойы аралап, кешқұрым үйге қайтамыз. Сөйтіп жүріп бөлім бастығы да болдым. Маршрутқа жетекшілік еттім. Жағдай едәуір жақсарғанына қарамай, туған жерге оралуды ойладым, – деп үнсіз қалды.

Алматыдағы пәтері де саудаға шығысымен сатылды да кетті. Теміржолға билет алып, бір күнде жолдасы, бала-шағасын алып, «Қостанай, қайдасың?»  деп тартып отырды. Жан жары Алмагүл екеуі бұл жақтағы нарыққа тез бейімделе түсті. Кәсіптерін кезінде өздері тұрған Алматы қаласымен байланыстырып, ол жақтан шағын бұйымдар әкелді. Кез келген тауардың бағасын 50 теңгеден қойып, саудаға шығарды. Бұл идея басында сәтті жүзеге асып, сатып алушылардың санын ұлғайта берді. Ақыр аяғында араға бәсекелестер түсіп, бұлардың кәсіп ауыстыруына тура келді. Жиналған қаражатқа зәулім пеш сатып алып, наубайхана ашып алды.

Бөлке нан пісірудің біртіндеп ұн өнімдерінің өтімді тәтті түрлеріне алмастырды.

Қазіргі таңда Батырбек Исаков жетекшілік ететін цехта тәулігіне бір жарым тонна ерекше формалы тоқаштар мен пряник өндіріледі.

Алдағы уақытта кәсіп иесі бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуды көздеп отыр. Әлгінде «Абайлап, түсіріп ала беріңдер!» дегені – шырайлы Шымкент қаласынан алдырған алып Домна пеші.

Бұған дейін осындай бір пешпен жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында екінші құрылғы іске қосылды.

Екінші сортты ұнды шара ыдыста су қосып, арнайы қоспа, сироппен араластырып қайнатып жүрген жұмыскерлерге бұдан былай екі есе шикізат дайындауға тура келеді.

Аянның да бұл жерде қызмет етіп келе жатқанына үш айдан асты.

– Өзім осы жерде туып-өстім. Әке-шешем – қаймағы бұзылмаған қазақы Науырзым, Торғайдың төл перзенттері. Қалада өссем де сол кісілердің қазақы тәрбиесімен жүріп жатырмыз. Жастайымнан ата-анамыз еңбекке баулыды. Бұл жерге келгенде бірден үйренісіп кеткенім сол. Тәулігіне екі рейс жасап жүрмін. Міндетіміз – шыққан өнімдерді есеп құжаттарымен сауда нүктелеріне жеткізу, – дейді Аян.

Бұған дейін бір жарым тонна өнім өндірген кәсіпорын мамандары алдағы күндері бұл көрсеткішті төрт тоннаға жеткізетіндеріне бек сенімді.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Қостанай ауданы