Қарабатыр диқандары гектарына 13 центнерден өнім алды

Қарабатыр диқандары гектарына 13 центнерден өнім алды

Қамысты ауданы экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Биылғы жаз қай өңірге болмасын оңай тиген жоқ. Дер уақытында жаумаған жаңбыр, айлап аптап ыстық шаруаларға соққы болып тиді. Орақ науқаны бастала бере жауған жауын техника біткенді матап-байлап тастады. Соған қарамастан, аудан шаруашылықтары 283,1 мың га дәнді және бұршақ дәнді дақылдар жинап, түгел бастырып алды. Гектарынан орташа өнімділігі 7 центнерден өнім жинап отыр. Қазір өңірде сексен бір ауыл шаруашылық кәсіпорындары бар, олардың он тоғызы серіктестіктер.  Агроөнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 19 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылық машина паркін жаңартуға маңызды рөл беріледі. Жыл басынан бері 37 трактор, 42 комбайн, 10 дана басқа да техника сатып алынды.

«Ал, Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану туралы тапсырмасына сәйкес пайдаланылмаған және бұзушылықпен берілген жерлерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы мақсатындағы 17 жер учаскесі қайтарылды, жалпы ауданы – 25,3 мың га. елді мекендер маңындағы алып қойылған жер учаскелері халықтың мүддесі үшін жайылымдық  жерлерді ұлғайту үшін беріледі», – деді Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.

Облыс әкімі аудандағы жетекші шаруашылық – Қарабатыр ауылына барды. 2017 жылы серіктестіктің өз қаражаты есебінен салынған мәдениет үйінде болды, өнер ордасы сыртындағы аллеяда ағаш отырғызды.                Тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау заманында еліміздің ауыл шаруашылық саласының үздігі, білікті басшы Жәзит Құдайқұлов көтеріп кеткен «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС егінін егіп, малын өсіріп отыр. Биыл отыз мың гектар алқаптан бидай, арпа, сұлу, сафлор, жүгері, эспарацет, жетнек, судан шөбін жинап алған. Орташа 13 центнер өнім беріпті.

«Егіншілік жүйесінде 4 жолақты ауыспалы тұқым сепкіш қолданылады. Жыл сайын 100 млн теңгеден астам сомаға егістікті улы химикаттармен өңдейміз, биылғы жылға 102,3 млн теңгеге сатып алынды. Серіктестік 2022-2023 жылдары жалпы сомасы 143 млн теңгеден астам қаражатқа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Өсімдік шаруашылығы саласында GPS құрылғысымен, отын шығыны датчиктерімен жабдықталған трактор сатып алу, тұқым енгізу, егіс кешенінің қозғалысын автоматты басқару жүйелері, процестерді басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз ету қатарлы цифрландыру технологиялары енгізілген», – деді «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов.

 

178 адам еңбек ететін серіктестіктің орташа жалақысы 192 мың теңге. Қарабатыр ауылында бұған дейін ауылдық мәдениет сарайы, балалар алаңы мен жұмысшыларға арналған баспана пайдалануға берілген еді. Соңғы бес жылда ауылды көркейтуге серіктестік 148,5 млн теңге қайырымдылық жасады.

Меморандум аясында ауылдағы балабақша, мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, үш көшеге 29 жарықдиодты шам орнатылды. 400 ағаш көшеттері отырғызылды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу