Қарабалықта кент әкімі сайланады

Қарабалықта кент әкімі сайланады

Ауыл әкімдерін сайлау – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан науқан.

2023 жылы тұңғыш рет пилоттық режимде өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауы Қарабалық ауданында да өткен болатын. Бүгін Қарабалық кенті әкімінің сайлауы өтіп жатыр. Аталған науқанға аудан орталығында 5 сайлау учаскілерінде 7265 дауыс беруші тіркелген.

 «Барлық учаскілер талаптарға сай келеді. Үйде дауыс берушілерге де мүмкіндік жасалған. Сайлау комиссияларының жұмыстары қалыпты жүргізіліп жатыр. Қарабалық кенті әкіміне үміткер азаматтардың бағдарламасы аудандық газет беттерінде, әлеуметтік желілерде, кездесулерде таныстырылып, ақпараттық бұрыштарда орналастырылды. Дауыс берушілер тарапынан ескертулер болған жоқ. Халықтың дауыс беру белсенділігі жоғары»,– деп атап өтті Қарабалық ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлайым Нысанова.

Газет тілшілері учаскілердегі дауыс беруші азаматтармен кездесіп, пікірін біліп қайтты. Отбасымен, ұжыммен келіп азаматтық борышын өтегендер, алғаш дауыс бергендер сұхбат барысында ойларын ортаға салды.

Жанболат Мағанбетов, зейнеткер:

 

«Сайлау науқанына әрдайым қатысып, азаматтық борышымды атқарамын. Бүгін жолдасым Зылиха екеуміз дауысымызды бағдарламасы бізге ұнаған үміткерге бердік. Дауыс берген үміткердің бағдарламасы аудан орталығын дамытуға үлес қосады деп ойлаймыз».

Мұртазина Сауле, балабақша меңгерушісі:

 

«Сайлауға отбасымызбен келу дәстүрге айналды. Сайлау – халықтың пікірін ескеру, сондықтан бүгін жолдасым, анам және мен үшеуіміз арнайы дауыс беруге келдік. Учаскідегі комиссия мүшелерінің жұмысы жақсы ұйымдастырылған»

Жұмағазы Шерхан, алғаш дауыс беруші:

«Мен биыл кәмелет жасына толып, сайлауға бірінші рет келдім. Ел ертеңіне бейжай қарамайтын жастар үшін сайлаудың ашық әрі әділ өтуі маңызды. Алғаш дауыс берушілерге, туған күн иелеріне тәтті сыйлық берілуі – әр дауыс берушіге ерекше назар аударылатындығының белгісі. Тәтті сыйлыққа мен де ие болдым».

 

Жаңалықтармен бөлісу