Қандастардың көші-қон мәселесінде қандай жаңашылдықтар бар?

Қандастардың көші-қон мәселесінде қандай жаңашылдықтар бар?

 «Басшыға бес сұрақ» жаңа айдары жалғасын табуда. Кезекті сауалдарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова жауап береді. Құрметті оқырман, сіздің де көкейіңізде мазалаған сауалыңыз болса, бізге жолдаңыз, Whatsapp +7 771 213 72 02.

 – Қандастардың квотасын жергілікті (облыстық) бюджеттен емес, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін көтердіңіз бе?

– Осы жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облысқа жұмыс күші артық облыстардан келетін қандастар мен қоныс аударушылар үшін қоныс аудару, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша тұрғын үйді сатып алуға материалдық көмек төлеміне республикалық бюджеттен қосымша бюджеттік қаражат бөлу туралы хаттар жолданды.

Көктемде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келгенде мансап орталықтары қызметкерлерінің  жұмысын сынға алды. Қандай қорытынды шығардыңыздар?

Еңбек мобильділігі орталығы ағымдағы жылдың 5 сәуірінде облыстың Мансап орталықтарымен skills.enbek.kz порталындағы жұмыс, атап айтқанда қажетті бағыттар мен дағдылар жөнінде жұмыссыздарға арналған онлайн курстар жөнінде ZOOM платформасы арқылы онлайн-кеңес өткізді. Сондай-ақ, курстар кімдерге арналған және жұмыссыздардың осы курстардан өтуі қандай оң бағыттар беретіні жөнінде теориялық жұмыс жүргізілді.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жөнінде жұмыссыз азаматтарға толық ақпарат беру мақсатында іске асырылатын шаралар туралы ақпаратты иелену үшін облыстың мансап орталықтарының барлық мамандарымен жұмыспен қамтудың барлық бағыттары бойынша оқыту жүргізілді.

Облыстың Еңбек мобильділігі орталығының қызметі мәселелері жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қостанай облысының әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы жасалған меморандум аясында Көші-кон комитетінің мамандары Қостанай облысында бейімдеу және интеграциялау жөніндегі қызметтерді көрсету бөлігінде пилоттық жобаны іске қосу жөнінде екі күндік оқу өткізді. Облыстың мансап орталықтары тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу (субсидияланатын жұмыс орындары: әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары), кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдемдесу («Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар және жастарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер беру), еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру (жұмыс берушілердің сұрау салуы бойынша, жұмыс берушідегі жұмыс орнында, Электрондық еңбек биржасында онлайн оқыту) арқылы халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларын тұрақты негізде қабылдайды.

– Қандастарға берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатында бұрындары беріліп келген жалғызбасты, отбасы жоқ адамдарға квота беру мәселесі неліктен аяқасты алынып тасталды?

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен бекітілген Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар)  Экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй сатып алу және салу немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және (немесе) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген ипотекалық бағдарлама, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамалары шеңберінде, сондай-ақ қаржы институттарын ипотекалық кредиттеу құралдары және тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем түріндегі материалдық көмек ретінде беріледі.

Экономикалық ұтқырлық сертификаты отбасына, сондай-ақ осы Қағидалардың 66-тармағының екінші бөлігінде көзделген адамдарға беріледі.

Рудныйға қоныстанып, квотаға қол жеткізе алмай жүрген қандастардың мәселесі қалай шешілуде?

– Рудный қаласы үшін квота 200 адам санында бекітілді, орташа алғанда, алдыңғы жылдар деңгейінде. Бүгінгі күні қаланың балабақшалары мен мектептері балалармен толық қамтылған, білім беру ұйымдарына кезек бар. Сондай-ақ, қаланың жылжымайтын мүлік нарығы тұрақты емес, 2021 жылдан бастап тұрғын үй бағасының өсуі байқалады. Рудный қаласының еңбек нарығы өнеркәсіп және құрылыс саласындағы жоғары білікті жұмысшы кадрларға (электриктер, электромонтажшылар, электрослесарлар, машинистер және т.б.) қажеттілікті сезінуде, біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандар арасында дәрігерлер, инженерлік-техникалық жұмысшылар қажет.

Материалдық көмек көрсету, сондай-ақ облыстың басқа өңірлерінде квотаның болуы мәселелері бойынша түсініктемелер Рудный қаласының әкімдігінде, AMANAT партиясының Рудный филиалының алаңында, сондай-ақ облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бірнеше рет кездесу  жүргізілді. Сондай-ақ, биыл 29 наурызда Рудный қаласын қандастар квотасына енгізу мәселелері жөнінде қандастармен кездесу өткізілді. Кездесуге 100-ге жуық қандас қатысты.

Этникалық қазақтардың басым бөлігі Рудный қаласын тұрғылықты жері ретінде таңдайды. Осыған байланысты Еңбек мобильділігі орталығы басшысы орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы одан әрі қоныс аудару және облыстың басқа өңірлерінде квотаға енгізу үшін Рудный қаласында тұратын әрбір отбасымен жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, жұмыс тобы облыстың басқа өңіріне қоныс аударған кезде  қандастарды жұмысқа орналастыру бөлігінде облыстың кәсіпкерлерімен жұмыс жүргізеді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 27 отбасы (104 адам) облыстың басқа өңірлерін тұрғылықты жері ретінде таңдады.

– Оңтүстіктен – солтүстікке көш біздің өңірде қалай жүзеге асуда? Көп жағдайда кері көшіп кететіндердің бар екенін білеміз? 

Жыл басынан бері жұмыс күші артық облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 116 адам енгізілді. Қоныс аударушылар Алматы облысынан – 12 адам, Жамбыл облысынан – 10 адам, Қызылорда облысынан – 23 адам, Маңғыстау облысынан – 9 адам, Түркістан облысынан – 38 адам, Шымкент қ. – 5 адам, Астана қ. – 11 адам, Алматы қ. – 8 адам. Облыстың 10 өңірінде қоныстанды. Квотаға енгізілгендер қатарынан шыққандар жоқ. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу