Ауданда жүріп, ауылдың мәдениетін көтеріп жүрген жандар аз емес. Соның бірі – Досбол Қашқымбаев.
Жақында ол Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында «Әділетті Қазақстанның тірегі – Адал азаматтар» тақырыбында өткен республикалық форумына қатысып келді.
Қамысты аудандық мәдениет үйінің ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі Досбол Қашқымбаев «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының мәртебелі маманы» төсбелгісімен марапатталды. Өнер жолында жүрген ағамызға бұл марапат осы ауданда қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта жаңғырту жолындағы ерен еңбегі үшін берілді.
Лайықты марапатқа ие болған жерлесіміз Досбол Тойшанұлы Қамыстының мәдени дамуына үлес қосып жүрген жан. Туған жері қарт Торғайдың киелі Ақшығанақ мекені. Қамысты жеріне 2009 жылдың қыркүйек айында «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен келген екен. Жалғыз емес, отбасымен. Содан бері жұбайы Эльмирамен аудандық мәдениет үйінде жемісті еңбек етуде.
-Бұдан бөлек, облыс, республика көлемінде алған марапаттарым бар. Бізді Астана қаласына шақырып, марапаттады. Мұнда тек мәдениет ғана емес, жер-жерден басқа да саланың майталман мамандары шақырылған екен. Мәдениет саласында еткен еңбегімді елеп, аудандық ішкі саясат бөлімі мені ұсынған екен. Көп жылғы еңбегімді елеп беріп жатқаны деп қабылдадым. Өнер жолына таңдауыма бала жастан әнге құмарлық, Торғайдағы музыка мектебінде оқуым себеп болды. Алғашқы ұстазым сан қырлы өнер иесі Болат Хамзин ағамыздың алдын көрдік, тәрбиесін алдық. Өнерге алғаш қанатымды қатайтты, – деп өз ойымен бөлісті танымал әнші.
Қашқымбаевтар шаңырағы – өнерге жақын отбасы. Оларды жергілікті жұрт «өнерпаздар отбасы» деп атайды. Өйткені, жұбайы Эльмирамен қосылып, дуэт болып, ән де айтады. Ортаншы Бейбарыс та өнерден құр алақан емес. Талай облыстық, аудандық конкурстарда жүлделі орындарды иеленді. Оның жетекшілігімен құрылған ансамблі аудан, облыс көлемінде өнер көрсетті.
Досбол Тойшанұлының жұбайы Эльмира да әнші. Мектепте әрі аудандық мәдениет үйінде вокал үйірмесін де жетекшілік етеді. Үлкен ұлы мемлекеттік қызмет саласында. Ортаншы ұлы Бейбарыс әке жолын қуып, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп жүр. Одан кейінгі қызы Қостанай медициналық колледжінде оқиды. Кенжесі спорт саласын таңдапты.
Аудандық «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында (2014), Жітіқара қаласында өткен отбасылық ұжымдар байқауында (2013) жеңіске жеткенін айтып өту керек.
Бұған дейін де Қалибек Деріпсалин атындағы арнайы сыйлықтың жүлдегері, облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты, «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясына есімі енген. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Мәдина Акешова
ҚӨУ студенті
Қамысты ауданы