Қамысты ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы үйірмелер, тұрғындарға арналған алаңдарды көптеп ашуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Ауданда бес мыңға жауық адам қатысатын 32 дене шынықтыру және спорт ұжымы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 307 спорт секциясы тағы бар.
Соңғы жылдары спорттық инфрақұрылыма айтарлықтай өсті. Ауданның спорт мекемелері спорттық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Ауылдарда шағын спорт алаңдары салынып жатыр.
«Қарабатыр ауылында көше тренажерлері орнатылды. Арқа ауылында көше тренажерлары мен жасанды жабыны бар шағын футбол алаңы да орнатылған.
2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қамысты ауылындағы «Юность» стадионы республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 526 млн 49 мың теңгеге қайта жаңартылды. Соның арқасында ауданда заманауи стандарттарға сай келетін спорт нысаны пайда болды. Сондай-ақ, қайта құру аясында хоккей корты орнатылды, ол аудан тұрғындары мен спортшыларға хоккей спортымен айналысуға мүмкіндік берді», – дейді Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.
2022 жылдың қараша айында Талдыкөл ауылында құны – 2 млн 286 000 теңге болатын Street Workout алаңы орнатылды.
Былтыр Адаев ауылында жасанды жабыны бар шағын футбол алаңы, Қамысты ауылында Street Workout және волейбол алаңы орнатылды.
Бүгінде барлық заманауи талаптарға сай келетін жекпе-жек залын реконструкциялауға, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен хоккей кортын салуға сметалық құжат әзірлеуге қаражат бөлінді.
Айжан АСҚАРБЕК,
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенттері,
Қамысты ауданы