19 сәуір күні сағат 08:40-та құтқарушыларға Аралкөл ауылының тұрғыны жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. 1983 жылы туған ер адам мал іздеуге кетіп, айдалада адасып қалған.
Полицейлер жоғалған адамның туыстарынан хабар алысымен құтқару қызметіне жүгінді. Бір күн бұрын Аралкөл кентінің маңында қар аралас жаңбыр толассыз жауған. Қарапайым техникамен жазық далада жүру мүмкін емес еді. Сондықтан аудандық Арнайы операциялар жасағының құтқарушылары көмекке келді.
“Олар ЯМАЛ Н4 маркалы өтімділігі жоғары техникамен жолға шығып, жоғалған адамды іздеуге кірісті. Бірнеше сағаттан кейін ауыл тұрғыны Аралкөл кентінен 30 шақырым жерден табылып, тұрғылықты жеріне жеткізілді”, – делінеді облыстық ТЖД хабарламасында.
Есен-аман табылған азаматқа медициналық көмек қажет болмады. Ауыл тұрғыны құтқарушыларға алғыс айтты.