Жыл сайын жаңадан кәсіп бастағандар үшін жұмыспен қамту орталығы арқылы гранттық қаржыландыруға байқау өткізеді. Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 35,9 млн теңгеге 26 грант берілген. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкеева айтты.
Бөлім басшысының баяндауынша, грант алғандар қатарында халықтың әлеуметтік осал тобына кіретіндер бар. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, көп балалы отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектер мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар.
– Жалпы, Қостанай қаласында 31 547 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның 6 646-сы шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, 24 704-і жеке кәсіпкер. Ал, 197-сі шаруа қожалықтары мен фермерлер. Шағын бизнес кәсіпорындарында жұмыс істейтіндер саны 78 мыңнан асады, – деді ол.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасының игілігін көріп отырғандар аз емес. Жоба шағын және орта бизнесті қолдаудың ең тиімді құралы болып отыр.
Ұсынылған қолдау шаралары кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау есебінен жеңілдетілген кредиттер алуға, банктер алдында мемлекеттің кепілдігін, сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға мүмкіндік береді, – деді бөлім басшысы.
Айта кету керек, Ұлттық жоба шеңберінде “екінші деңгейлі банктердің несиесімен сыйақы мөлшерінің бір бөлігін субсидиялау” жобасы арқылы жыл басынан бері жалпы көлемі 17 млрд теңгеге 123 жоба мақұлданған.
– Жоба арқасында кәсіпкерлер 20 млн теңгеге дейін кепілсіз несие ала алады. Жас және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін гранттық қаржыландыру жүргізіледі. Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы экономиканың басым секторларында, сондай-ақ, жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант беріледі. Осы жылы 25 млн теңгеге 5 грант берілді, – деді М.Қазкеева.
Грант алғандар қатарында, ұлттық тағамдар жасау өндірісін қолға алған кәсіпкер, лор және логопед кабинетін ашқан, сондай-ақ, қолөнер экокосметикасын, шөптен ашытылған шайларды, кептірілген қызанақтарды, суық сығымдалған өсімдік майын және глинтвейн жиынтықтарын өндіру және сатумен айналысатын тұрғын бар. Бесіншісі “Монтессори студиясы” яғни, монтессори педагогикасы еркін білім беру, баланың табиғи психологиялық, әлеуметтік және физикалық дамуы идеяларына негізделген.
Қала әкімі Марат Жүндібаев грант бергенде жобалардың қалаға пайдалы жағына назар аудару керек екенін айтты.
– Биыл қайтарымсыз бес грант беріпсіздер. Арасында қарапайым жобалар мақұлданып кеткен. Келесіде Қостанайда баламасы жоқ жобалар қолдау тапса деймін. Яғни, қаланың дамып, көркеюіне ықпалын тигізетін жұмыстарға грант беруге болады. Ондай жобалар бар. Жас кәсіпкерлер, ісін енді бастап жатқандар назардан тыс қалмауы қажет. Әбден сараптау жүргізіңіздер. Бұрындары Тобыл арнасын тазалайтын кәсіпкерлер жоқ екенін айтқан едім. Қолға алар адам болса, екі жаққа да тиімді кәсіп. Әрине, 5 млн теңге жетпейді. Субсидия арқылы дамытуға болады. Міне, осындай қаламызға пайдалы кәсіп иелерін тарту керек, – деді Марат Жүндібаев.