Қаладағы ойын алаңдарының дені жөндеуді қажет етеді

Қаладағы ойын алаңдарының дені жөндеуді қажет етеді

«АМАNАТ» партиясының қалалық және облыстық мәслихат депутаттары ойын алаңдарының жағдайын бағалау үшін мониторингке кірісті.
Қостанай қаласында барлығы 470 ойын алаңы болса, оның 130-ы  жөндеуді қажет етеді. Депутаттар әрқайсысы өз округінде жұмысқа кірісті. Ал халық өкілдері қамти алмаған аумақтарды «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері тексереді.

Мұндай жұмыстар облыстың басқа аудандарында да жүргізілмек.
Айтпақшы, қазірдің өзінде алғашқы мониторинг жүргізілді. Қалалық мәслихат депутаты Омарғали Байғабылов өз округінің ауласын аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, балалар ойын алаңдарының жағдайына баға берді.

– Бала қауіпсіздігі, балалық шақ қауіпсіздігі – біздің әрқашан басты назарымызда болатын мәселе. Халықтың, оның ішінде жас азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау өте маңызды екенін айтпасақ та түсінікті. Шатырлардың, қорғаныс қоршауларының және қоқыс жәшіктерінің болмауы, сынған құрылымдар. Бұл көрініс бүгінде қаладағы ондаған ойын алаңдарында байқалады, бұл жергілікті тұрғындарды алаңдатпай қоймайды, – дейді ол.

Негізі, депутаттар күш-жігерінің басым бөлігін осы мониторингтерге арнады. Жұмыс жүріп жатыр, оның нәтижесі де болатыны сөзсіз. Халық қалаулылары қатты аязға уақыт аз, жұмыс көлемі ауқымды дейді. Барлық мәліметтер деректер жинақталған соң, балалар алаңдары мәселесі мәслихат сессиясына шығарылатын болады.

Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу