Наурыз мейрамын Қостанай қаласының тұрғындары көпқабатты үйлердің ауласында дастарқан жайып, ерекше көңіл күйде атап өтіп жатыр.
Мүлік иелерінің бірлестігі тұрғындарды жиып түрлі іс-шаралар ұйымдастырды.
Алаңдағы киіз үйдің іші әсем безендіріліп, дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, керегеге бұйымдар ілінген.
Қала әкімі Марат Жүндібаев “Наурыз-думан” фестивалі өтіп жатқан Белинский көшесіндегі №3-ші және Баймағамбетов көшесіндегі №162-ші көпқабатты тұрғын үйдің ауласына барды.
“Наурыз мерекесін аулаларда атап өту дәстүрге айналған. Көптеген шағын аудандарда тұрғындар бас қосып, қазақы салт-дәстүрмен ерекше тойлауда. Өзге ұлт өкілдері де ортамыздан табылады. Сол себепті бұл мерекенің мәні, елді біріктіру, ынтымаққа шақыру, бір-біріне жақсылық, амандық тілеу. Қай мереке болмасын барлығымыз ашық аспан астында атап өтіп келеміз. Мүлік иелерінің бірлестіктері мейрамды шырайлы атқаруға атсалысып келеді. Олардың ауланы көркейту бағытында жасап жатқан жұмыстарын жақсы бағалаймын. Мүмкіндігінше біз де көмектесетін боламыз”, – деді Марат Жүндібаев.
Аула тұрғындары қазақы жоралғының бірі ретінде шаһар басшысына шапан кигізді.
Еркін Құдабаев ауладағы сыйлы ақсақалдардың бірі.
Наурыз мейрамын көршілермен бірге жыл сайын тойлайтындарын айтады. Ақсақал қостанайлықтарға ақ батасын берді.
“Осы аулаға көшіп келгелі Наурыз мейрамын өткізіп келеміз. Тұрғындардың ауызбіршілігі жақсы. Көршілермен туысқандай болып кеттік. Наурыз тілегім, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жастарымыз білім құмар, саламатты болып жетілсін. Отанымыз дами берсін, әр шаңырақтан шаттық үзілмесін”, – деген батасын берді Еркін Құдабаев.
Бұл тұрғын үйдің ауласына өзге үйдің мүлік иелерінің бірлестіктері де арнайы қонаққа келген екен.
Құр қол келмей, ұлттық-тағамдар салынған қоржындарын да арқалай келіпті.
Жиылғандардың барлығы наурыз көжеден дәм татып, ұзынынан жайылған дастарқан басында ізгі тілектерін жеткізді.
Балалар спорттық сайыстарға қатысып, жеңгендері сыйлыққа ие болды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ