Шымкент қаласынан келген Марат Байқамуров Қостанай қаласының 145 жылдығына арналған жарыстың түйебалуаны атанды. Ол финалда Арқалық қаласының балуаны Алмас Жұмағалиді ұтты. Осылайша түйебалуанның бас жүлдесіне берілген жеті жүз мың теңгенің сертификатын иеленді.
“Қостанай әдемі, таза қала екен. Ерекше қасиеті бойға жігер береді. Бұған дейін салмақ ауыстырғалы Қазақстан мен Азия кубогін алдым. Әскер барысы атандым. Алда барысқа баратын боламыз. Жалпы қиын қарсыластарым көп болды. Бұл жерде адамның дегені емес, Алланың қалауы болады”, – дейді Марат Байқамуров.
Марат секілді алыс-жақын өңірлерден арнайы қала күніне балуандар келді. Олардың арасында былтырғы “Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов та бар. Түркістандағы “Қазақстан барысына” іріктеу турнирінде жеңіске жеткен Қайсар Шамшидинов биылғы “Қостанай қыраны” Нұрсұлтан Қабыланмен үшінші орын үшін жүлдені сарапқа салды. Бұл кездесуде арқалықтық Нұрсұлтан Қабылан белдесу арқылы жеңіске жетіп, үш жүз мың теңгенің сертификатын алды. Екінші орын үшін бес жүз мың теңге берілді.