Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасқан бай болу керек емес. Ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Бүгінде сондай игі істер, түрлі акциялар мен жобаларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан-жылға артып келеді. Солардың бірі –Рауза Ғафурова.
Рауза Гафурова Татарстан Республикасының Набережные Челны қаласында туып-өскен. Қостанай қаласына жолдасының жұмысына байланысты біршама уақытқа қоныс аударды. Бірақ келісімшарт аяқталғаннан кейін, Рауза жолдасымен бірге өз аймағымызға қайтып ораламыз деген ойда. Рауза негізінен шығармашылыққа, сондай-ақ қолөнер саласына жақын. Өйткені, бала кезінен бастап, әрқилы туындылар жасап шығаратын.
-Мен қолөнерге бейім болғандықтан, 2023 жылдың мамыр айынан бері сабыннан гүл, не болмаса май шам жасау кәсібіне зейін қойып, меңгердім. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде әртүрлі тәттілерді бір үйлесімділікке келтіру арқылы да гүл негізінде жинау әдістерін көріп, үйрендім десек те болады. Бұл кәсіпті мен тек хобби, табыс табудың көзі ретінде қарастырамын, – дейді кәсіпкер.
Рауза, сондай-ақ, мүгедек балаларға арналған қайырымдылық жобасының ұйымдастырушысы.
«Қайырымдылы жобаны» іске асыру идеясы өздігінен пайда болды. Айтып өткендей, сабыннан және тәттілерден гүл жасауды меңгеріп, қажетті құрал-жабдықтар дайын болған кезде, күш-жігер мен жұмысқа деген шабыт өздігінен ашыла бастады. Осының тұсында мен өз қолыммен жасаған туындыны балаларға сыйлық ретінде неге бермеске деген ойға келдім. Осылайша, кәсібім де, жобам да өрге жүзе бастады. Әсіресе, балалардың жылы жүздерімен шырайлы күлкілерін көрген кезі жүректі елжіретіп, істеген жұмысының жемісін көре аласын, – дейді Рауза.
Жоба 2023 жылдың 1 қарашасында бастау алды. Жоба негізінде әр айда, егер баланың туған күні сол айдың ішінде болса, онда алдымен ата-ана баланың құжаттарын көрсетіп, кейін Рауза сыйлықты өзі табыс етеді. Небәрі 4 айдың ішінде 18 балаға сыйлықтар тарту етілді. Әзірге бұл жоба туралы көбісі біле бермейді, Сондықтан да жазушылар аз.
Жобаны әлі де, одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын. Егер ата-ана тарапынан көп тапсырыс түсіп жатса, мен оған тек ырза боламын. Өйткені, мен қайда тұрсам да, әрқашан қайырымдылықпен айналысуға тырысатынмын. Мен мұнда көшіп келгеннен бері, бұл іс өмірімнің көп бөлшегін алып отыр. Қостанай қаласына келгенімізге 2 жыл болса да, осы уақыт ішінде жолдасым екеуіміз біраз игі істер жасадық: жағажайда және үйдің маңында қоқыс жинадық, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды, құстар мен қаңғыбас жануарларды тамақтандырдық, мешітте де көмектескен болатынбыз, – деп атап өтті Рауза.
Дильназ Изделюева,
журналистика мамандығының студенті