Қостанайда қайырымдылық мақсатымен «Вена балы» ұйымдастырылды

Қостанайда қайырымдылық мақсатымен «Вена балы» ұйымдастырылды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әрқашан ілкімді істерімен көзге көрініп жүр. Аталған мектептің Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі филиалына биыл 10 жыл. Нысаналы датаға сәйкес, Жастар сарайында «Вена балы» өтті. Басты мақсат — церебральды сал ауруымен ауыратын Айзере Ерболқызы Төлегенге қолдау көрсету.

«Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында өткен «Вена балға» 75 жұп қатысты. Балдан жиналған қаражат Айзере Ерболқызының отадан кейін реабилитациядан өтуге көмекке ретінде жұмсалмақ.

 

Іс-шараға қолдау білдіру үшін келгендердің қарасы қалың.

«Бүгінгі іс-шара мектебіміздің он жылдығы қарсаңында және «Қоғамға қызмет ету» жобасы негізінде өтті. Сонымен қатар балда арнайы аукцион ұйымдастырылған. Онда облысымыздың спортшылары, яғни «Тобыл» футбол клубы және клубтың спорттық директоры, манымал ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев бар. Олар өздерінің қолтаңбасы қойылған доптарды тарту етті», – дейді мектептің дамытушы пәндер әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Махаббат Махмутова.

Іс-шарада облысқа белгілі суретшілер Быков Вадим, Татьяна Баринова, Надежда Яковлевалар өз суреттерін табыстады.

Өңірге белгілі қолөнер шебері Айдын Диханбаев та өзіндік үлесін қосты. Суреттер сатылып, одан түскен қаржы Айзеренің сал ауруынан айығуына жұмсалады.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің дарынды оқушылары жасаған әртүрлі туындылары да сатылыға шығарылды.

Балдан 523 мың 500 теңге жиналды. Қаржы Айзеренің анасына табысталды.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген – Әсел ЖАНДОСҚЫЗЫ

Жаңалықтармен бөлісу