Қайырбеков көшесіндегі 53-үйдің тұрғындары аулаларының алдындағы жаңадан төселген жолдың сапасыз жасалғанын айтып шағымданды.
Ол жердегі кәріз құдығын жөндеуді жүргізген тарап кезінде ашып, өз беттерінше қалпына келтірсе керек.
Тұрғындардың арызы бойынша келген “Қостанай-Су” кәсіпорынының өкілдері кәріз құдығын қалпына келтіру талапқа сай жүргізілмегенін айтып отыр.
“Бұл жерде үй иелерінің шағымданатын реті бар. Кәріз құдығы көлік қатынасына, тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмеуге тиіс. Сол себепті орнатылған құдықтың бетін қопарып, қайта орнатуға тура келеді», – дейді арнайы мекеменің өкілдері.
Аниса әжей осы үйде бірнеше жылдан бері тұрады. Өзі өмір бойы коммуналдық салада еңбек еткен.
“Бұл азаматтардың қызметінің оңай емесін жақсы түсінемін деп ойлаушы едім. Өзім осы салада отыз жыл тер төксем де мұндай сұмдықты көрмеген екенмін. Қолға алған істі дұрыстап атқаруға болады ғой”, – дейді қария.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын осы үйдің айналасы жермен-жексен болып жататын. Ондай қиын жағдайда тұрғындар осы үйдің белсенді тұрғыны Аман Сұлтанбековпен ақылдасады. Аман Қарақожаұлы пәтер иелері кооперативімен келісіп, әкімдіктің берген мердігерімен шартқа отырады. Мәселе бір жақты болды-ау дегенде бүгінгі жағдай мынау.
“Өзім зейнетте болсам да түнгі кезекке барып жүрмін. Таңертең үйге келсем, кәріз құдығы ашық. Есік алдын су басқан. Бригада басына келсем, олар өз шаруасымен жүр. Жайымды тіпті құлағыма қыстырар емес. Содан тиісті орындарға шағымдануға тура келді”, – дейді Аман Сұлтанбеков.
Ал осы құрлыстың басы-қасында жүрген прораб мамандар бұл жердегі жұмыстардың әлі аяқталмағанын айтып отыр.
“Жолдың бастапқы қабатын енді төсеп, жиектерін қойып болған бетіміз осы. Бәрі әбден кепкеннен кейін ғана жұмыстың келесі кезеңі жалғасады. Жұмыс процесінің созылғанына тұрғындар наразылық білідіріп отырғанын біз де түсінеміз”, – дейді прораб маман Юрий Рудковский.
Прораб бір сөзінде бұл жердегі судың лезде кетіп қалатындай жағдай жасайтынын нығыздап айтып қалған еді. Алайда жол жиектерінен суағарлардың ешқандай белгілерін байқамадық. Бәлкім, бұл жағдай құрылыс мамандарын алдағы уақытта ойландырар.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бейбіт Мейрамұлы