Қайта өңдеу нарығы бүгінде күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соңғы бірнеше жылда қайталама шикізаттың бағасы екі есеге дейін арзандаған.
Сала өкілдерінің айтуынша, өндірісті сақтап қалып, дамыту үшін мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайту қажет. Өйткені қазіргі субсидиялар көбіне салық төлеуден артылмайды.
Қостанай қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын ірі кәсіпорындардың бірі күн сайын 180 мың шаршы метр пластик, шыны және қағаз қалдықтарын қабылдайды. Жиналған шикізат Павлодар, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Бұрын өнімнің бір бөлігі Ресей нарығына да шығарылған. Алайда соңғы жылдары қайталама шикізат құны күрт төмендеп, кәсіпорынның дамуына кері әсер ете бастаған.
«Пандемия кезінде макулатураның бір келісі Ресейде 24-25 мың рубльден қабылданса, қазір оның бағасы 12 мың рубльге дейін төмендеді. Яғни нарықтағы құн екі есеге арзандады», – дейді қалдықтарды сұрыптау кәсіпорнының басшысы Максим Климентьев.
Кәсіпкерлердің пікірінше, қосымша субсидиялар жаңа техника мен құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік берер еді.
Қостанай облысында қалдықтарды өңдеумен айналысатын 16 кәсіпорынның тоғызы «Эко-Қолдау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алады. Бағдарлама бойынша қайта өңделген өнім құнының шамамен 15 пайызы субсидияланады. Алайда кәсіпкерлер бұл қаражаттың басым бөлігі салық төлемдеріне жұмсалатынын айтады.
«Бұл қолдаудың пайдасы бар. Кем дегенде қосылған құн салығын төлеуге мүмкіндік береді. Субсидиядан түсетін қаржы қосымша құн салығына кететін шығындарды толық жабады», – дейді кәсіпкер Зульфия Қазиева.
Сала мамандары соңғы жылдары тұрғындар арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті қалыптаса бастағанын атап өтті. Қазір көпшілік пластик, шыны мен қағазды арнайы қабылдау орындарына өткізіп немесе бөлек контейнерлерге тастайды. Дегенмен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі саланың дамуын тежеп отыр.
Мамандардың айтуынша, көптеген елді мекенде қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер саны жеткіліксіз. Ал мұндай жобаларды қаржыландыру мәселесі әлі толық шешімін таппаған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтады. Негізгі мақсат – қалдықтарды бөлек жинау жүйесін барлық елді мекендерде кезең-кезеңімен енгізу және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру.
Жыл басынан бері Қостанай облысында 50 мың тоннаға жуық қалдық жиналған. Соның 40 мың тоннасы полигондарға жөнелтілсе, тек 20 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберілген.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қайта өңдеу саласы экология үшін ғана емес, экономика үшін де маңызды. Алайда шикізат бағасының төмендеуі мен мемлекеттік қолдау көлемінің жеткіліксіздігі бизнестің дамуын тежеп отыр. Олар субсидиялау тетіктері кеңейтілсе, кәсіпорындар жаңа жабдық сатып алып, қалдықтарды тереңірек өңдеуге мүмкіндік алады деп есептейді.
