Қайраткерге құрмет

Қайраткерге құрмет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде еңбек адамының беделі артанынын мәлімдей келе: «Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз» деді.

Мемлекеттік қызмет ардагері, Қостанай облысының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер, «Үздік мемлекеттік қызметші», «Құрметті жолшы», «Құрметті автокөлікші» төсбелгілерінің және ҚР Президентінің Құрмет Грамотасының иегері Болат Әуезханұлы Нақановтың есімі көпшілікке кеңінен белгілі. Тобыл-Торғай өңірінің жол-көлік, құрылыс, сауда, коммуналдық қызмет, инфрақұрылым салаларында айтарлықтай өзіндік қолтаңбасын қалдырған, кейінгі ұрпақтың қамы деп, күндіз-түні аттан түспеген ел ардақтысы осыдан 8 жыл бұрын дүние салды.

Аманкелді елі Үрпек ауылының тумасы аудан орталығында мектепті тәмамдап, еңбек жолын слесарьлықтан бастады. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын оқып тәмамдағаннан кейін Аманкелді аудандық ауылшаруашылық басқармасында аға құрылыс инженері болып кәсіби қызметін жалғастырды. Әскер сапында Семей жерінде ядролық полигонды көрген. Елге оралғасын, Аманкелді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының күрделі құрылыс бөлімінің бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің бірінші орынбасары, Аманкелді ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Өңірдің құрылыс, автокөлік, жол, жылу, ауыз су, көпір тағы басқа халыққа ең қажетті салалар мойнына артылды.

1999 жылы облыс әкімінің шақыруымен Қостанайға келді. Инфрақұрылым және құрылыс департаменті бастығының орынбасары, ал өмірінің соңына дейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығынан құрметті демалысқа шықты. Автокөлік жолдары, жол-эксплуатациялық кәсіпорындар, жолаушылар және темір жол тасымалы, геология қатарлы аса күрделі салаларға жауаптанды.

Өзі өмірден өткенмен, артында толассыз еңбегі қалған жанның еңбегі өшкен жоқ. Нақановтар отбасы Қостанай қаласында 1-Май көшесінің 62-үйінде он бес жыл тұған болатын. Ел азаматтарының бастамасымен сол үйдің қабырғасына Болат Әуезханұлының құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Оған жергілікті билік өкілдері, жол-құрылыс саласының мамандары мен ардагерлері, облысымыз бен республиканың өңірлерінен келген марқұмның достары, туыстары жиналды.

– Мен өз басым Болат Әуезханұлын жетік таныдым. Ол кісі жоғары кәсіби әрі өз ісін терең меңгерген маман ғана емес, жұмысқа жауапты, қызметке адал жан еді. Қай кезде де біреудің ауыртпалығын өзіне түскен салмақ деп санап, көмек беруге әзір тұрды. Адамгершілігі, ақпейілдігі мен қайрымдылығы бір төбе болатын. Қайраткердің есімін мәңгі қалдыру жұмыстарына атсалысқан барша азаматтарға зор алғысымды білдіремін, – деді Қостанай қаласы әкімі аппаратының басшысы Максим Моргунов салтанатты жиында.

Болат ағамыз көзі тірісінде аралас-сыйлас болған ел азаматтары аз емес. Марқұмның жан досы Исламхан Шамұратұлы бұл шара өскелең ұрпаққа зор өнеге-үлгі болатын іс екенін жеткізді. Айтуынша, 1999 жылы жеті ауданның әкімі қызметтен босаған кезде, солардың ішінде Болат Әуезханұлына ғана лауазым тиді – аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің шақыруымен облыстық инфрақұрылым және құрылыс департаменті бастығының орынбасары болып Қостанайға келді.

Қайраткермен бірге жұмыс істеген әріптестері ол кісіні тек басшы, әріптес қана емес, тәлімгері санайды. Бүгінде қызмет бабында зор жетістіктерге жеткен ізбасарларының қатарында «ҚазАвтоЖол» АҚ Ұлттық компаниясы Қостанай облыстық филиалының директоры Андрей Горваттты айрықша атауға болады.

– Болат Әуезханұлымен сонау 1988 жылдан таныспын. Ол кісі Аманкелді ауданында, мен Қостанайдамын. 1996 жылдан жақын араласып кеттік. Кейін бір мекемеде тоғыз жыл бойы бірге еңбек етуді жазған екен. Ол кісі жұмысқа ең алдымен келіп, кешке ең соңында үйіне қайтатын. Сол тұста қаншама күре жолдар жөнделді. Басшымызға ақыл-кеңес сұрап қаншама адамдар келіп жүретін. Тіпті, басындағы қуаныш-қайғысын бөлісіп келетіндер болатын. Сол себепті, мемлекетіміздің нағыз қайраткері әрі патриоты деп Болат Әуезханұлын айту артық емес. Жол-құрылыс саласы ардагерлерімен кездескен сайын, марқұмды еске алмай өтпейміз. Өзім де Талапкер ауылының тұсынан әрі-бері өткенде, жақсы жанның зиратына қарап дұғамды жасап жүремін. Енді осы ескерткіш белгі біздер зиярат ететін бір орын болмақ, – деді А.Горват.

Мемориалдық тақтаны салтанатты ашу рәсімі жол саласының ардагері Қабыл Нұрмұхамедов пен Болат ағамыздың бауырлары атынан Қалихан Жамановқа берілді. Ресми жиынның соңынан әулет атынан марқұмға ас беріліп, дұға бағышталды.

Айта кетейік, газетіміздің өткен жылғы 13 қыркүйек күнгі санында «Адамгершілік биігі» атты мақаламыз жарық көрген еді. Онда белгілі тұлға Болат Нақановтың есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында Аманкелді ауданы орталығында бір көше беру туралы ұсыныс көтердік. Игі істің әлқиссасы Қостанайдан басталды, енді жерлестері бұл науқанды туған елінде жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Жаңалықтармен бөлісу