әңгіме
Жаңадан атып келе жатқан таңның алқызыл нұрына боянған аппақ дала қас сұлудың ажарындай. Межелі уақытта Сарықамыстыдағы Көкбастауға таяп қалдық. Қыран ұшқан таулардың иығынан сығалай қарап, арқан бойы көтеріліп қалған күннің көзімен мамық қардың беті сұлудың күміс моншағындай жалт-жұлт етіп, жанарды ұялтып қояды. Астымыздағы Айқасқа мен Доланжиреннің танауынан бу бұрқырап, әлсін-әлсін қос құлақтарын қайшылап келеді.
-Әй, тоңдың ба? Қадеке! Қатып қалмасын борбайыңдағы бірдеме..(атамның күлімсіреп үнемі еркелеткенде айтатын кәдуілгі сөздерінің бірі ғой бұл)
-Жоқ, ата!
Дегенмен, аспан ашық, алайда аздап шытымыр аяз бар. Көздеулі маңға жуықтап қалдық.
Биыл барыс жылында он үшке толып жігіт боп қалған сыңайлымын ба? Жоқ әлде атам жалғыз болған соң жансерік етіп ертіп алды ма? Кім білсін. Бүгінгі күн өзгеше, жалпақ дала тартысқа толы дырамма саханасындай сезіледі. Кенет алды да келе жатқан атам ат тізгінін тартып, із кесіп тұра қалды.
-Ә, сұмырай! Жолымыз түйлісе қалды ма ақыры,-деді атам көзінен үміт отын шашыратып.
-Ия, ата, мынау аңның ізі ғой, менде саңық ете қалыппын.
-Бәрекелді,кәрі шолақ! Бүгін бір саған қан майдан ашпай қоймаймын. “Қара дойырым” аман болса, қанжығамыз құр қайтпас.
Атам қара дойырының томағасының сыртынан сыйпап-сыйпап қояды, астындағы долан жиренде мені ұмыттың ба дегендей олда бір жер тарпып, осқырып алды.
-Жә,уақыт күттірмей жүрейік, жүргенге жөргем ілінер деді,-атам!
-Ия, ата, Алла қаласа асығымыз алшысынан түсері хақ.
Әлгіндегідей емес, біздің жүрісіміз жылдамдай бастады, аң ізіне түсіп солқылдатып желіп келеміз. Айқасқа мен Доланжиреннің танауынан будақтаған булар арттағы ауылдың моржаларынан бұратыла көкке көтерілген түтіндерді еріксіз еске түсіреді. Әлгі қудың ізі бірде ойға, бірде қырға жетелейді. Кейбір жерлерде су ырған аңғарлардың ішімен, кейбір жерлерде бұта-бүргеннің, төмпешік топырақтардың түптерін тырмалап, тышқан тіміскеленіп жортып отырғаны көрінеді. Ақ ұлпа қарға баданадай басылған ізі кей тұста ізім-ғайып жоқ боп кетеді.
-Ата, із жасырып кеткен бе? деп қоям.
-Алаңдама,барар жерін мөлшерлеп келем, қазыр-ақ қайта ізбен қауышамыз.
Атамның сөзі айнытпай тура шығады. Көк аязды көктей тіліп, нұрын төгіп тұрған алып от шарыда, табақтай болып төбемізге жақындап қалыпты-ау. Жетелеген үміт күші жолдың қиындығын да еңсертіп үлгіргені шын. Дегенмен, аттың желісінен бүйірім қысып, іш құрлысым анда-мұнда қорылдап қояды. Кенет атам Доланжиреннің тізгінін тартып менімен қатарласа қалды.
-Жә, Қадеке! Кәрі мыстан құс боп ұшып кетпесе, осыдан артық ұзай қоймас. Сен осы ізіңнен жазбай салмалап отырып, анау тұрған дөңгелек қопадағы қамысқа қарай тартасың деп қамшысымен нұсқады. Ал мен мынау Қызыл таудан қарауылдап, томаға тартамын деп бұйырды. Жолымыз екі айырлды, екі жаққа далбақтай желе жөнелдік.
Бір мезетте атам айтқан әлгі қопалы қамысқа таяп қалғанымды көріп, аттың тізгінін сәл тартып, жан-жағыма алақтап алдым. Шақшадай басыма қайдағы-жайдағы ойлар оралып, жүрегім өрекпіп кетті. Құрғыр мынау түлкі емес көкбқрі болып, әкемді көзіме көрсетіп, өзіме шапса қайтем жастай өлдім дей бер. Атам сөзіне сенсем “Кәрі шолақ” деп кесіп отыр. Әй, тегі солай болса екен деп шынымен тілеп келем. Міне қудың ізі де сүңгіген, аттың құлағы көрінбес биіктіктегі сары қамыстың жиегінеде ілініп кеттім.Мөлшері ортасына таман ойысқанда, әлгі пәле, бір топ дуадақтың үстінен түсіп, біреуін басып қалғаны көрініп тұр. Түтілген жөн, сынған қанаттар мен мақтадай қардағы қан дақтары бар шындықты жайып тастағандай. Ой, тәубә, ол құрғырға жақындап қалғандаймын ба, жүрегімнің лүпілі жиілеп барады. Атамның осы алапты нұсқап, бір болса бой жасырып, тынығып жатқан тұсы осы болар дегені қайта-қайта миыма шабуыл жасап келе жатқанда, астымдағы Айқасқаның қос құлағын қайшылап, осқырынғаннан селт ете қалдым. Өзіме келдім-ау енді ғана. Анадай жерде қамысты сытырлатып, зытып бара жатқан түлкінің сұлбасын көріп, делебем қозып кетті ма? “ұра”, “ұра” деп айғай салыппын. “Қайыршының қарыны тойса, ұйқысы келеді”,-демекші мынаның қарыны қампайған соң, бұғып жата қалғандағысы шығар. Бәлемді, ашыққа шыққан соң болсын қазыр деп өзіме-өзім сөйлеп, сытырлатып келем.
Қамыс бітіп, жалтаңға да шықтық-ау, анау бізден қара үзіп кетті. Болмады, жосылған ізбен менде Айқасқаның сауырына қамшы басып, көсіле шаптым. Ойы қайсы, қыры қайсы анда-мұнда қылт еткен қызыл түлкінің бейнесі көзім отын жарық еткізеді де жоқ болады. О,тәйірі, анадан көз жазып қалмасам игі. Бағанағы шаршаңқы күйді, қорқынышты, тіпті атамның барын да ұмтып кеткендеймін бе? Ақ теңіздегі моторлы қайықтай жүйткіп келем. Әне, тағы қу түлкі көз ұшында сағымдай бұлдырап барады.
Кенет, тарыс етіп тасқа тиген тағалы тұяқтың ашты дыбысымен бірге Айқасқа екеуіміз омақаса ұзыннан құладық. Білмеймін, жеп-жеңіл барып, ұлпа қар үстіне жалып ете қалдым. Бірақ, еш жерім ауырмады. Ал ана Айқасқада орыннан сергек атып тұрып, ер-тоқыммен бір-екі сілкініп алды. Оқыс қой, «құдай сақтады»,- деп қоям ішімнен. Тез жиналып, қайта атқа қонып, биіктеу төбешікке тарта бердім.
Міне қызық, атам Қызыл таудан томаға тартқан сияқты. Алып шоқының иегінде бізге қарай салмалап шауып келеді екен. Құстың шаңқылы естілет, көк аспанды қанаттарымен дүр тіліп, күркіретіп, найзағайдай жасын ойнатып келе жатқан қара дойырдың бейнесі қаһарлы қаһармандай көрінеді. Ол тау етегіне қарай сағымдай сорғалап кеп, тік шаншіліп түсті. О, бәле, қу әккіге түсіп -ақ қалған шығарсың деп, менде Айқасқаны тебітіп, құйғыта жөнелдім. Мен келгенше, межелі жерге атамда жетіп үлгірген екен.
Неткен ғажап көрініс! Абай атамыз айытпақшы:
Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға,
-дегеннің дәл өзі ғой мынау. Қара дойыр “Кәрі шолақты” болаттай тұяқтарымен шеңгелдеп, тырып еткізбей басып алыпты. Кәрі де көп жанталасқаны белгілі, жан бермек оңай ма? Кіигіз үйдің орнындай дөңгелек аумақ арпалысқан екеуінің алаңына айғақ боп тұр. Атам атынан баладай жылдамдықпен секіріп түсіп, қасқыр ішігін сыпырды да, қара дойырға қарай беттеді. Қолындағы бір тілім бауыр етті оған бірнеше рет жұлғызып жегізіп жүріп, астындағы кәріні әрең суырып алды. Қанжардай өткір тұяқтары түлкінің тұмсығын қанға бүктіріп, қасарысып қалыпты. Сары шегір көздерін қанталап алған. Ашу ыза кегі енді ғана сәл тарқағандай, мұз мұртындағы қызыл қанды атамның қоңыр күрмесіне жанып-жанып сүртіп алды. Сосын мойынын кекшитіп, жебе қанаттарын бір-екі далпылдатып алды да үндемей отыра қалды.
– Міне, көрдің бе? Кәрі шолақты, ал құтты болсын!
Атам күлмсіреп тұр. Алдымда жатқан нарттай қызыл, ақсиған тістері аз, қу шолақты көргенде барып, атамның ең алғашқы із кескендегі айытқан болжау белгілеріне қарап, мына ұқсастықты көріп таңғалып қалғаным бар.
-Тура, дәл өзі, тайға таңға басқандай анық, “Шолақ”, “Кәрі”, “Түлкі”, басымды изей бердім.
-Ия, Қадеке, ақжолдтай жігіт екенсің өзі, қанжығамыз майланды.
Атам түлкіні ақша қарға “Үйрімен үш тоғыз”,-деп бірнеше рет ұрды да, менің қанжығама байлады.
-Рахмет, ата! Сонда мұның бәрін бақсыдай болжап қайдан біліп отырдыңыз?
-Е, балам-ай, ұлы даланың, ұлы өнердің заңдылығын жаттап өскен ұрпақпыз ғой, табиғатына қарап аурайын болжаған, боз жусанды даласын төсеніш, көк аспанын жамылғы еткен, жылқы мінезді қоңырқай халықпыз. Төрт- түлігімізді төбемізге көтеріп, құстың да тілін білген дана халықпыз. Құшағымыз құт, қолымыз ашық, тарихымызды тасқа қашаған қонағуар қазақпыз ғой. Қыранның өрлігін, көкжалдың бөрілігін аңсаған текті халықтың мендей ұрпағы тексіз болса, дүние төңгеріліп кетпей ма? ( бір қарқылдап күліп алды, бұл әзілі де, ақылы да).
-Ия, ата, сөзіңіздің жаны бар.
– Өзіңде тәңертең ізін көрдің, түлкі екені айдай анық, бірақ, “Кәрі” дейтінім- мұның аяғының ізі қарға сүйретілген әрі үлкен екен. Жастау келген қу түлкілер аяғын сүйретпей көтеріп алшақтау анық басады. Ал мұны “Шолақ” дейтінім- ізінің соңында құйрығының ешбір жерде сүйретіліп отырғаны білінбейді. Онысызда жыңғыл мен бұта-бүргені көп мына алқап пен оның кәрілігі құйрығына маза берсін бе?
– Көреген-ақсыз ғой ,ата!
– Мені асыра мақтама, балам! Тарихта Жалайыр Шора деген ғажап атаң болған екен. Ол кісі құстың да тілін білген. Бір әпсана аңыздарда, көк жүзіндегі құс атаулы былай деп зарлапты дейді; “Аспанда ұшсам, қанатым талады, жерге түссем, Жалайыр Шора алады”,-деген тәмсіл бар. Міне ғажап, көрегендік, тектілік деген сол,қарғам!
-Пах, шіркін! керемет екен онда. Еріксіз таңдай қақтырды-ау.
-Жә, тұрмалық. Қарын ашқанды да ұмыта бастадық па? таң бозынан бері мынаның қызығын көреміз деп жүріп, ауызға нәр салғанды да қойыппыз.Атам қанжығасындағы оюлы қоржыннан оны-мұны азық-түлік алып шықты. Сексеуіл шоғына ысталып сүрленген жылқы еті біраз қидаланып туралған екен, оны соғып-соғып жібердік. Артынша тері торсыққа құйылған сұйық айранды ішіп, құрсағымызды алдаған болдық. Ас ішкенге көп аялдамастан қайта атқа қондық. Бұл кез күн ұясына еңкейіп, батыс көкжиегіндегі шөкім бұлттар қынадай қызыл түске боялған. Қиыс шығыстан ызғырық жел үдеп келеді. Көп жерді алакөлеңге жауып алған. Бізге жақын Қызыл таудың найзадай ұштары күннің кешкі шапағына малынып тұр. Еңселі де сұсты тау бәрінің төбесінен қарап тамашалап тұрғаны ләзім.
***************************************************
Атам екеуіміз солқылдата желіп келеміз. Әжептауір жол жүріп тастағандаймыз. Түн қара қоюланып, қызыл іңірдегі соққан жел ақ бұрқаққа айналған. Еміс-еміс алыстан шақырған байғұз бен ұлыған итқұстардың үні құлаққа талып жетеді. Бойымды үрейлі қорқыныш сезімі билеп келеді, жан-жағыма алақтап қоям. Пұшпақ тымағымның бауын шандып байлап алған едім, тамағымның астын сәл ашытып келеді. Шытымыр аяз бетімді қарып, аяғымның ұштарын тістеп сұғын қадайды. Атам, әр едік, ей, Қадеке тоңған жоқсың ба? деп тіл қатып қояды.
– Жоқ, ата! бәрі орынша деп қоям.(өзімше намыстанып)
Аспандағы шытра жұлдыздардың бәрі бізге жамырап қарап тұрғандай. Әсіресе, жеті қарақшы көзіме оттай басылып келеді. Ақ түйенің шудасындай ұзағынан созылған құс жолы да біздің мынау бағытымызға пареллел. Аспан әлемі, неткен әдемі. Бала қиялымның ақ шалмасын аспанға лақтырып, үнсіз ой омбысына малтығып кетем.
Атам екеуіміз бөкен желіспен біраз жолды еңсеріп тастадық. Алғашқы аң ізін қуалап жүрген жерлерден мүлде басқа жақта келеміз.
-Ата, біз адасып кетпейміз бе? деп қоям ара кідік.
– Жоға, атаң мен мына Доланжиренге сен деп түйіп тастады. Доланжиреннің тізгіні бос, бүлкектеп бір қалыппен желіп келеді. Жылқы деген жануар тастай қараңғы түнде де жол тауып, үйге бастап отырады деуші еді, рас екен-ау. Бағытымыздың дұрыс екенін атамда аспандағы темір қазықпен туралап келе жатқанын байқап қалдым.
Тағы да ойлар өз ырқына жетектей жөнелді. Менікі қансонарға деген қызығушылықтан, ал атамдікі айнымас махаббат қой. Осынша жасқа келсе де әлі аттан түспей, қолына қыранын қондырып, қанжығасын майлап жүргеніне таң қаламын. Әй, білмеймін, мен атамның осы жасына жеткенде, мұндай қажырлықты, қайсарлықты көрсете алмай алжып қалатын шығармын, қорқамын өз-өзімнен. Еңгезердей ақсақалды осы бір адамға Алла бақ берген, өнер берген. Ұлы өнердің қырын, даланың сырын жаттаған жандар бақытты екен-ау. Елге есімі, халыққа қадыры жеткен, “Қыранды қяғынан, тұлпарды тұяғынан таныйтын” Бәделхан атамызды бәріде құрметтеп бәйек боп жатады. “Жігітке жеті өнерде аз”,-демекші атамыздың салалы саусақтарынан ырыста тараған, теріден; жөген, ноқта, қайыс арқан, қамшы, өмілдірік сияқты дүниелерді өрсе, ал бірде көрігін қыздырып, сом балғасымен таға-шегесін соғып жатады. Қойшы, атамның жанында жүрсемде, мұндай нәрселердің көбісі менің қолымнан келе бермейді. Қыл аяғы құсбегілікке тән; томаға, тұғыр, биялай, балдақ, аяқ бау, түтік, шыжым, жем саптаяқ сынды керек жарақтарын дайындауда” ат үсті ақсақалдың” өз қолындағы дүние.
Құс баптауды айтсашы, ол енді ұзақ әңгіме сияқты. Құс баптауда- баланы бағып-қағып өсіру, тәрбиелеуден кем емес, тіпті қыранды “Қайырып” жемдеу үшін де, қансоқта, қызыл, тартпа, сарбөртпе, ақ жем, тоят беру әдістерін білуіңіз керек. Е, “Далада бала жата ма”,-демекші даладан өз қолыңа ұшып кеп қона қалатын құс қайда? нағыз түз қыранның балапанын, адам бармас, барса да қолы жетпес шыңраулардың жақпарлы қиясынан ғана табасың. Сосын жаныңды шүперекке түйіп, арқанды беліңе байлап жүріп ұядағы балапанды үрей мен үміт ішінде әзер аласың. Кейін сол балапаның екі жасында тірнек, үш жасында тастүлек, төрт жасында құмтүлек, бес жасында көк түбіт, алты жасында ана бүркіт атанады екен. Ал мына атамның қолындағы қыран алты жасар “Қара дойыр”, оның өзгеше мінезі, сымбаты, рухы, алғырлығы мен алымдылығы бар. “Қара дойырдың” шалғысының ұштары найзадай үшкір, қауырсын көбелері жебедей, аяғының тегеуріні тентек, жембасары жыртқыш, сығымасы сұрқия, шеңгелі шымыр сезіледі.
– Әй, Қадеке, қарғам! Не ойлап келесің? тоңып, қорқып келе жатқан жоқсың ба?
Селт ете қалдым, әлгіндегі ойларым бірден ыдырап кетті.
-Ау, ата, жоға, бәрі жақсы.
Қара дойырды ойлағасын ба, оның сымбатына сүйініп, ерлігіне елітем деп, қорқынышты да ұмытып үлгіріппін.
– Ата, ауылға жақындадық па өзі?
– Ия, сәл шыда. Бір-екі бұрылмалы тұмсықтан өтсек болды, ауыл алыс емес.
Енді, атамның мына сөзіне қуанып, бетіме қан жүгіргендей болды. Әне, міне дегенше бір бұрылмалы тұмсықтан айналып өттік. Жақын маңнан ауылдағы иттердің үріген дауысы құлаққа жете бастады.
– Ия, балам, келіпте қалдық міне.
-Шүкір, әйтеу, құр қайтпадық. Олжалымыз ғой ата. Ұялмай барамыз.
Соңғы тұмсықтан да айналып өттік. Әне, көз ұшында ауылдың түнгі от шамдары да жарқырап, аспандағы жымыңдаған жұлдыздармен тілдесіп тұрғандай. Ғажап-ақ көрініс, жанарымыздың оты да жарық сәулелермен сүйісе қалғандай, жүрегіміз жылып, жүрісіміз жайлана қалды. Айтпақшы, көк тазымыз аяғынан жараланбағанда, бүгінгі қансонарға бізбен бірге шығатын еді. Дәл қазыр ол жанымызда жүргенде, оқ бойы озып барып, ауылға ақжолтай хабар жеткізетін бе еді. Мүмкін деседе ол қазыр тұмсығын білеп, біздің жолымызға қарап тұрған шығар. Шынайы көрініс. Ауыл үйлерінің моржасынан будақтаған түтіннің қошқыл исі де, міне мұрынымызға жетіп үлгірді. Бұл жолы қошқыл иіс, хош иістерге бергісіз. Әйтеу әсерлі, түнгі ауыл құшағы неткен ып-ыстық. Қыран көңілім самғап барады…..
Жетісу облысы, Алакөл ауданы