Қабілетті Володя қазақ мектебін таңдады

Қабілетті Володя қазақ мектебін таңдады

Баласы мектеп табалдырығын аттағалы тұрған кез келген ата-ана «қай тілде оқытсам екен?» деген күрделі мәселе, салмақты таңдауға тап болары сөзсіз. Бұл тұрғыда өздерінің батыл шешімімен өзгелерге өнеге көрсететін отбасылар бар.

Сондай үлгілі жандардың бірі Юрий Бублик пен Татьяна Шмарёва шаңырағы дер едік. Олар ұлдары Владимирді мемлекеттік тілдегі мектептің 1-сыныбына берді.Кішкентай Володя қазақ тіліндегі «Балдырған» бөбекжайынан тәлімденіп шығып, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке қадам басты. Ата-анасы орыс тілді адамдар болса да, балаларының болашақта мемлекеттік тілді жетік меңгергенін қатты қалайды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін еш ойланбастан жеткіншекті аталған білім ұясына жетелеп апарыпты.

«Өзіміз туып-өскен елді шексіз сүйеміз, салт-дәстүріне құрметпен қараймыз және, әлбетте, мемлекеттік тілді қастерлейміз. Володя екі жасынан қазақ бөбекжайына қалмай барып, өте жақсы тәлім алды. Тәлімгерлері де оның ынта-ықыласына ерекше тәнті. Баламыз қазақы ортаға тез бейімделіп кетті. Алғашқы күннен-ақ ұлымыздың қазақ тіліне деген қызығушылығын байқадық. Ә дегеннен қазақша сөйлеуге қабілеті бар екенін көрсетті. Бастысы, бөбекжайдағы уақыты босқа өткен жоқ, алғашқы әліппесімен танысып шықты. Әрі қарай тілді тереңірек меңгеріп, еркін сөйлеп-жазуы үшін Ыбырай мектебіне беруді шештік», – дейді Татьяна.

Анасының айтуынша, талапты Володя жазғы маусымды да құр жібермеген. «Балақайлар мектебіне» еш қарсылық танытпастан барып, ол жерде де ойдағыдай тәлім алып шыққан. Енді балдырған өзіне артылып отырған үмітті ақтап, елінің нағыз патриоты болып өсер деген сеніммен отыр ата-анасы. Ол үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға әрқашан әзір.

«Владимир күнделікті өмірде екі тілде қатар сөйлейді. Керек кезінде орысша, кейбір досымен және мектепте қазақ тілінде ойын еркін жеткізеді. Мемлекеттік тілді білу ұлыма келешекте міндеті түрде қажетіне жарап, көп мүмкіндікке жол ашады деп ойлаймын», – деп отыр Татьяна.

Ол баласының ерек қабілетіне қарап, білімдегі үлгерімі жақсы боларына зор сенім артады. Оның үстіне, Володяның болашақ өмірі үшін дұрыс таңдау жасағандарына шүбә келтірмейді.

Жаңалықтармен бөлісу