Президент сұхбаты: ғалымдар пікір білдірді

Президент сұхбаты: ғалымдар пікір білдірді

А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұқбаты талқыланды.

Мемлекет басшысының ой-пікірімен толық танысып шыққан  ЖОО ұжымы Президент сұқбатта әрбір қазақстандықты толғандырған өзекті сұрақтарға жауап бергенін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында тарих және заң ғылымдарының кадидаты мен магистранттар өз ойларын ортаға салып, ғалымдар пікірлерін білдірді.

«Мемлекет басшысы сұқбатында атап өткендей,  2022 жылғы қаңтар оқиғасында Президент қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының басшылығына жүгінуге мәжбүр болды. Өйткені, Қазақстандағы мемлекеттің барлық дерлік билік органдары сол кезде Республиканың экс-Президенті басқарған Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына бағынды. Бұл ретте Қазақстанда өз функцияларын орындау кезінде ҰҚШҰ әскери қызметшілері тарапынан бірде-бір оқ атылған жоқ. Өз миссиясын орындағаннан кейін ҰҚШҰ контингенті, елден ешқандай алғышарттарсыз, сонымен қатар мерзімінен бұрын шығарылды. Қаңтардағы оқиғалардан кейін Қазақстанда 2022 жылы ауқымды конституциялық реформалар басталды. Атап айтқанда, 5 маусымда Республикалық референдум өтті, онда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылданды. Нәтижесінде мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының қызметі айтарлықтай қайта форматталып,  “Конституциялық Сот туралы”, “Прокуратура туралы”, “Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы ” Қазақстан Республикасының  Конституциялық Заңдары қабылданды. Сондай-ақ, жаңа заңдар қабылданып, кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді. Қорытындылай келе, Мемлекет Басшысы конституциялық реформалар туралы айта келе, сұхбатында “ескі жүйеге оралу мүмкін емес” деп түсіндірген еді. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық өзгерістердің басты кепілі. Халық болған өзгерістерді берік қолдайтынына сенімдімін.  Өйткені ұлттың саяси менталитеті түбегейлі өзгеріске ұшырады», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры,  заң ғылымдарының кандидаты Сымбат Укин.

Сұқбатта мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының маңызды аспектілері талданады. 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға объективті баға берілді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, мемлекеттік органдардың жұмыс істеуінің, кадр саясатын іске асырудың өзекті мәселелері қаралды. Қазіргі қоғамдағы жастардың рөліне баса назар аударылды.

            «Бұл мақала біздің еліміздің тарихында соңғы бірнеше жыл ішінде болған тарихи, саяси оқиғаларға аналитикалық шолу жасалған. Сонымен қатар, оны шағын хронологиялық кезеңдегі ел басшылығының қызметі туралы есеп ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта айқандай,  2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Негізгі саяси реформалар аяқталып, Конституциялық сот жұмысын бастады, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті. Біз әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйені құруға кірістік. Ел бойынша мектептердің, оның ішінде “жайлы мектептердің” құрылысы басталды, ауылдарда медициналық нысандар салынуда. Әлеуметтік кодекс енгізілді, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлем бекітілді. Ұлттық қордан балаларға аударымдарды реттейтін заң қабылданды. Ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі қабылданды. Бұл мақаланың ерекшелігі – сіз бен біздің замандастарымыз, осы оқиғалардың куәгерлері. Бұл процестер біздің көз алдымызда болды және болып жатыр. Мақалада қазіргі заманның күн тәртібінде тұрған қоғамның көптеген сұрақтары мен сұрауларына жауап берілген», –  деді әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденов.

Расында, бұл құжат ел басшылығының қоғаммен өзара іс – қимылының жаңа форматы екені айқын. Бұл мақалада Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларында бұрын айтқан жекелеген бастамалары мен ұсыныстары талданады. Ең бастысы, оларды іске асыру механизмі көрсетілген және нақты қол жеткізілген нәтиже сипатталған.

Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу