Президент кеңесшісі Қостанай облысының жастарымен кездесті

Президент кеңесшісі Қостанай облысының жастарымен кездесті

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жастармен IQostanay сарайында жүздесіп, ұлттық құрылтайда айтылған пікірлерді талқылады.

«Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр», – деген еді Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді. Қостанайға келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесуінде мемлекет басшысының осы сөздерін мақсат етіп жұмыс істеуге шақырды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек», – деп Президенттің жастарға сәлемін жеткізді кеңесші.

Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес. Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет.

Ал бүгінгі жастарды не толғандарады десек, көбі қазір газет-журнал оқымайды. Әдебиет пен тарихтан кейбіреулері бейхабар. Көпке топырақ шақпайық, мұны пікір білдірген жастардың өзі айтып отыр.

Осы себепті оқу орын бағдарламаласын қағазбастылықтан гөрі дәсүрлі оқыту әдістемесіне көшіргенді қалайды. Мәселен, алғашқы құрылтайлар не себепті Ұлытау, Түркістан, Атырау жерлерінде өту себептерін мейманның түсіндіруіне тура келді.

«Мемлекет басшысының Ұлытауды таңдап алған себебі, қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған Жошы ұлысы сол жерде қалыптасқан. Түркістанда  көне Сарайшықтың іздері сайрап жатыр», – деді мәлік Отарбаев.

Жастарды тағы бір алаңдатарлық дүние – мемлекеттік тілдің ортақ аудиторияда қалыптаспауы.  Ауылдық жерлерде  мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің саны аз.

 «Иә, ол мәселе түсінікті, ол енді жергілікті халықтың сұранысына байланысты жүргізілетін саясаттың бірі деп айтуға болады. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірлерінде ондай олқылық жоқ. Бұл жердегі халықтың сұранысы екі түрлі. Сол себепті аралас мектептер көп болып отыр», – деді Президент кеңесші.

 

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

 

Жаңалықтармен бөлісу