Әрбір ата-ана бұдан былай балаларының атына банк немесе өмірді сақтандыру компаниясынан есепшот ашып, білім алу үшін қаржы жинақтай алады. Жинақтауға бір реттік бастапқы білім беру капиталы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы қосылады. Бұл бастаманы жүзеге асыратын Заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Құжатты дайындауға Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары белсенді атсалысты.
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі 5 жастан асқан балаларды қамтиды. Оның мақсаты – балалардың жоғары оқу орындарында, колледжде немесе магистратурада оқуына қажетті қаржыны жинақтауға мүмкіндік беру.
Осылайша, бала 5 жасқа толғанда оның есепшотына мемлекеттен бастапқы бір реттік білім беру капиталы түседі: барлық балалар үшін 60 АЕК (шамамен 230 мың теңге), ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК (шамамен 470 мың теңге).
Банктің сыйақысынан немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық табысынан бөлек, бұл жинақтарға жыл сайын мемлекеттік сыйақы есептеледі: барлық балалар үшін – 5%, әлеуметтік осал топтардағы балалар үшін – 7%.
Мектепті аяқтағаннан кейін бала бұл қаражатты жоғары білім алуға немесе колледжде оқуға жұмсай алады. Сонымен қатар бағдарлама бұл қаражатты шетелде оқуға да пайдалануға мүмкіндік береді.
Еске салайық, тиісті тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған болатын. Ол «Келешек» жүйесі бойынша жинақтар мен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қалыптасқан қаражат қазақстандық балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.