Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов өңірге іссапармен келді

Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов өңірге іссапармен келді

Бүгін ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді.

Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірде жүзеге асу барысымен танысып, осы жобаға қатысушы тұрғындармен жекелей кездесті. Ералы Лұқпанұлы ең әуелі Қостанай ауданына қарасты Жданов елді мекеніне барып, «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің тыныс-тіршілігіне қанық болды. Жылқы бағуды қолға алғанына аса көп уақыт өтпеген Сәуле Әбдібекованың қорасында бүгінде 15 қылқұйрық бар. Кәсіпкер қазірдің өзінде отбасына елеулі табыс кіргізіп отыр. Тек қымыз сатудан тәулігіне 108 мың теңге нәпақа табады екен. Бұл дегеніңіз – айына 3,2 млн теңге таза пайда түседі деген сөз. Е.Тоғжанов кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, бизнес ауқымын әлде де кеңейте түсуге кеңес берді.

Үкімет басшысының кеңесшісі бұдан кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасының Тобыл қаласындағы қатысушысы – Әсел Бейісова есімді тұрғынның кәсібімен танысты. «Бейісова А.С.» ЖК тігінмен айналсады. Бағдарлама демеуінің арқасында аз мерзімде аяқтан тұрып, жылдам дамып, сапа да, өнім көлемі де арта түскен.

«Ауыл Аманатының» арқасында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 8,5 млн теңгеге ие болдық. Қажетті құрылғыларды Ресейден алдырдық. Шикізат Түркия, Бішкек, Ташкенттен әкелінеді. Өнімдеріміз көтерме саудаға шығарылады. Жекелеген дүкендерге де бөлшек сауда түрінде шығарылады. Елдің кейбір облыстарында да сұранысқа ие бола бастадық. Әзірге цехта бес адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 200-250 мың теңге шамасында. Табысымыз жаман емес. Осындай қомақты қолдау жасағаны үшін Мемлекет басшысына рахмет айтамыз», – дейді көп балалы ана.

Бағдарлама игілігін көрген тағы бір кәсіпкер ауданға қарасты Октябрь ауылында тұрады. Келдібек Баймағамбетов өз ауласында жылқы бордақылайды. Қазір бағымында 30 бастан артық жылқысы бар. Осы жерден семіртіп, сойып, етін облыс нарығына шығарады. Келісін 2,5 мың теңгеден бағалап, көп жағдайда аудандағы қайта өңдеу зауыттарына, комбинаттарға өткізеді. Е.Тоғжанов ауылдық кәсіпкерге ет саудасынан басқа да табыс көздерін қарастыруға кеңес берді.

«Ждановтық отбасы секілді қосымша қымыз сатуды неге қолға алмасқа? Аулаңызға жылыжай орнатып, көкөністен де көп пайда түсіруге болады. Жылыжай салуға шамамен 8-8,5 млн теңгедей қаржы кетеді. Ал ондай сомаға «Ауыл Аманаты» арқылы қол жеткізуге болады. Мұнымен қыруар табыс тауып отырған ауылдықтарды білеміз. Ауылдық жерде тұрып жатқандықтан, сізде көптеген мүмкіндік бар. Дегенмен қазіргі кәсібіңіз де өркендей берсін, тоқтамай, алға ілгерілей беріңіз», – деді Премьер-министрдің кеңесшісі.

Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары түстен кейін облыс орталығындағы өндіріс орындарында, машина жасау зауыттарында жалғасады.

Ж.Жүсіпбек

Суреттерді түсірген – Ернұр Әуезхан

Жаңалықтармен бөлісу