“Пошта неге кешігіп келеді?” Арқалықтықтар басылымдардың уақытылы қолға тимейтініне шағымданды

“Пошта неге кешігіп келеді?” Арқалықтықтар басылымдардың уақытылы қолға тимейтініне шағымданды

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген болатын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.  Алайда заман қанша ілгері дамыса да мерзімді басылымдардың оқырман қолына уақытылы жетуі – әлі күнге өзекті күйінде қалып отыр. Арқалық қаласы да бұл мәселеден шет қалмайды.

Еске сала кетсек, қалада газет-журналдарды тасымалдайтын екі қызмет түрі жұмыс істейді. Олар: «Қазпошта» АҚ Арқалық қалалық бөлімі және «ЕВРАЗИЯ ПРЕСС» БАҚ тарату агенттігі және облыстық «Костанайская новости» газетінің өкілдігі. Бірі поштаны автомобиль жолы арқылы жеткізсе, бірі теміржолмен тасымалдайды.

Поштаның кешігіп келуіне алаңдаушылық білдірушілердің арасында төл басылымымыз облыстық «Қостанай таңы» газетінің оқырмандары да бар.

Мұхамедрахым Спандияров, Арқалық қаласының құрметті азаматы:

–«Жас алаш», «Қостанай таңы», «Арқалық хабары» газеттеріне жазыламын. Аптасына бір рет жинап әкеп береді. Кейде тіпті кешігіп қалады. Газеттерімді әкеліп жүрген адамға қоңырау шалсам «Пошта келмей жатыр» дейді. Газет арқылы еліміздің, облысымыздың, қаламыздың өмірлік маңызды ақпараттарын біліп отырамыз. Сол себепті, уақытылы келіп тұрғанын қалаймыз. Тағы бір айтарым, кейінгі кезде газеттерде теледидар бағдарламалары жарияланбай қалды. Редакция басшылықтары сол жағын ескерсе екен дейміз.

Қажымұқанбет Әбдікұлы, қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары:

–Қалай қыс басталды, солай поштаның келуі де нашарлап кетті. Екі-үш аптада бірақ келетін жағдайлар орын алды. Себебін сұрасақ, пошта машинамен тасымалданатын болғандықтан «күн боран, жол қатынасы жоқ» деп жауап қайырады. Мен ойлаймын поштаны пойызбен әкелсе деп. Пойыз тоқтап жатқан жоқ қой. Уақыт өтіп кеткесін жаңалықтар ескіріп қалады.

Батырлан Сағынтаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:

– Аудандық газеттер болғанымен «Қостанай таңы» тұтас облысқа тарайтын қазақ тілді жалғыз газет. Осы газет арқылы облыстың тыныс-тіршілігін біліп отырамыз. Қазір әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан ақпараттар көп. Бірақ, оның ақ-қарасын айырып болмайды. Газеттің қолға тиюі – облыс орталығынан шалғай болғандықтан бір-екі күн кешігіп келеді.

Сағидолла Кәкенұлы, Арқалық өңірлік мұрағатының басшысы:

– Өзіміздің облыстан шығатын «Қостанай таңы», «Костанайская новости» және жергілікті «Арқалық хабары» газеттерін бірінші кезекте жаздырып аламыз. Жеке қызметкерлеріміз жаздырып алады және мекемеге алдыртамыз. Алайда, сол газеттеріміз аптасына бір ақ мәрте келеді. Аптасына үш рет шығатын газеттердің уақытылы қолға тимеуі бізді де алаңдатады.

Иә, көпті алаңдатқан бір сауал. Пошта неге кешігіп келеді? Бұл жөнінде пошташылардың да айтар өз уәждері бар.

Поштаның кешігіп келіп жүргені бір жағы ауа-райының қолайсыздығына байланысты. Баршаға белгілі қыстың желтоқсан, қаңтар айларында қатты борандар болды. Сол себепті, жол қатынасы болмағандықтан бұл жақтарға поштаның келуі  біраз кешеуілдеп қалды.

“Жалпы, пошта Қостанай қаласынан көршілес Аманкелді ауданына машинамен келеді. Бер жағынан біз барып өзімізге тиесілісін алып кетеміз. Ептеп жанар-жағар майдан да таршылық көріп қалғанымыз жасырын емес. Бір апта болды бәрі орнына келді. Қазір аптаның дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі күндері өзіміз барып аламыз. Ал, жұма күні поштаны Қостанайдан тікелей «Газель» көлігі алып келеді. Тасымал саласындағы қиыншылықтарды ескеріп, басшылығымыз орталық аппарат арқылы поштаны теміржолмен тасымалдау жағын қарастырып жатыр. Пошта пойызбен келсе, бізге де жақсы болар еді”, – дейді қалалық поштаның басшысы Айна Тасқожайқызы.

Міне, басылымдардың оқырман қолына жедел жетпеуінің  осындай түрлі себептері бар. Келген газеттерді тұрғылықты мекенжайлар бойынша сұрыптау да бірталай уақытты, еңбекті қажет етеді.

“Мамандарымыз түбіртек бойынша қарап, тиісті мекенжайларына бөледі. Оны иесіне табыстау да оңай шаруа емес. Қазір көпқабатты үйлердің бәрінде темір есік орнатылған. Тұрғындар есіктерін ашпайды. Өзім де үлестірдім. Расында да үй иелері есіктерін ашпайды екен. Көршілері де ашпайды. Қыс мезгілі. Көтеріп жүрген жүктеріміз де жеңіл емес. Өте қиын… Содан кейін, көшеде иттердің бос жүретіні де қиындық тудырады. Хат-хабар тасушы қыз-келіншектеріміздің жылап келген жағдайлары да ұшырасты. Бізде «үркіткіш» бар. Бірақ, иттер одан қорықпайды”, – дейді Айна Тасқожайқызы.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу