Төрт күдікті қамауда отыр. Алдын ала келісу арқылы есірткіні заңсыз өткізгені үшін қылмыс жасағандардың мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық істің қатысушылары аймақ аумағында “синтетиканы” таратумен айналысқан.
Жас ерлі-зайыптылар zip пакеттерге дозаларды салып, “қойып кету” арқылы таратқандығы анықталды. Әрқайсысында осындай 30-40 пакет болған.
“Қара нарықта” синтетикалық препараттың жарты келісі шамамен 15 миллион теңгені құрайды.
“Біз 300 грамнан астам синтетикалық есірткіні, ақшаны және травматикалық қаруды тәркіледік. Бұл заттар бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды. Қылмыскерлердің айтуынша, бұл мефедрон мен PVP болды”, – деді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.
Қостанай облысының ПД өткен жылы заңсыз айналымнан 430 килограмм есірткі, оның ішінде 10 келіден астамы синтетикалық есірткі тәркіленгенін атап өтті.