Полицейлер анасын несие алуға мәжбүрлеп келген жасөспірімнің қылығын әшкереледі

Полицейлер анасын несие алуға мәжбүрлеп келген жасөспірімнің қылығын әшкереледі

Қостанайда полицейлер кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты қорғаныс нұсқамасын шығарды, деп хабарлайды Polisia.kz.

17 жасар бала ұзақ уақыт бойы анасына психологиялық қысым көрсетіп келген.

Бұл жағдай “Түнгі қаладағы балалар” операциясы аясындағы рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде ювеналды полиция қызметкерлері Елизавета Володина мен Данил Бохановтың назарына ілікті.

 –Тұрғылықты мекенжайлардың біріне барғанымызда ондағылар көрші тұратын әйелдің жағдайы туралы айтты. Ақпаратты тексеру барысында 17 жасар баланың әрекеттері белгілі болды. Ол үнемі ойын-сауыққа барып, қымбат заттар сатып алу үшін анасынан ақша талап еткен, несие алуға мәжбүрлеген, – деді Володина.

Әйел ол жағдайды көпшілікке білдіргісі келмегендіктен, полицияға хабарласпаған. Абьюзер ұлы анасын ақыры жүйке ауруына ұшыратты.

– Біз ол әйелмен әңгімелесіп, өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын түсіндірдік және жасөспірімге қатысты қорғаныс нұсқамасын шығардық. Ол есепке алынды. Мәселеге психологтар араласты, – деді Данил Боханов.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде отбасындағы жағдай қалыпқа келді, полицейлер бақылауды жалғастыруда. Осындай күрделі мәселені шешуге көмектескендері үшін жәбірленуші тәртіп сақшыларына алғыс білдірді. Полиция “Түнгі қаладағы балалар” операциясының нәтижесінде отбасындағы тұрмыстық жанжал фактілері бойынша 20-дан астам қорғау ұйғарымы шығарылғанын айтады.

Жаңалықтармен бөлісу