Перзентханадан шығарып алды

Перзентханадан шығарып алды

Аслан Ысқақтың қыз баланы армандап жүргеніне көп болды. Оның екі ұлы бар. Алайда, қыз үйдің ырысы деп біледі.

“Бүгін көптен күткен арманым орындалды. Әйелім Ботакөз Алланың қауымен қыз бала өмірге әкелді”, – дейді Аслан.

Аманкелді ауданы Есір ауылының тұрғыны Мүбәрак ақсақал бұл сыйды расымен күткен жоқ. Ботакөз келіні өмірге Дариядай немересін әкеліп, Асланының шаңырағындағы той Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді.

«Ауыл» ХДПП облыстық отбасы, әйелдер және балаларды қорғау «Мейірім құшағы» комиссиясының мүшесі Шәмшия Ғазезқызы бастаған топ перзентханадан шығарып алды.

“Әр қиындықтың арты үлкен қуанышқа толы болады. Кешегі алапат тасқын ертеңгі нәрімен жерімізге байлық әкеледі. Осыған ырымдап немерем есімі Дария аталу себебі сол. Дүние есігін ашпай жатып, сіздер ырыздығын ала келіп отырсыздар. Қадамдарыңыз нұр, ұрпағымыз көбейе берсін”, – деп қуанышын бөлісті қария.

Дыбыс әжеймен отасқанына қырық жылдан асты. Бүгінде бес баладан алтыншы немересін көріп отыр.

“Балаларым отағасының салған ізімен имандылық жолында. Осы дәрежеге жеткенім осы кісінің арқасы”, – дейді Дыбыс Әмірхамзина.

Аманкелді аудандық “Ауыл” халықтық демократиялық партиясы танына мәслихат депутаты Мерей Қалибеков пен облыстық “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы қуаныш иелеріне сый-сияпат жасады.

Жылы лебізін айтты.

“Бүгін қазақ елінің азаматтары тағы да толып отыр. Қасиетті Торғай елінде, Аманкелді жерінде кішкентай нәрестені шығарып алып жатырмыз. Ата-анасы мейірлене құшағына алды. Қазақтың нәзік, инабатты қызы болып өссін”, – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

Депутат Мерей Қалибековтің тартуымен көркемөнерпаздар әннен шашу шашты. Қуаныш иелерін көтеңкі күйге бөледі.

Шәмшия Ғазезқызының айтуынша бұған дейін осындай іс-шара Қостанай қаласы мен Федоров, Ұзынкөл ауданында өткен. Ұзынкөлде егіз сәби дүниеге келген.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ 

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу