Пара Азия ойындарында жүлде алған жерлесіміз Қостанайға оралды

Пара Азия ойындарында жүлде алған жерлесіміз Қостанайға оралды

ҚХР Хуанчжоу қаласында өтіп жатқан IV Жазғы Пара Азия ойындарында пара дзюдодан қола жүлде иеленген қостанайлық спортшы Динара Куджулова қола жүлде иеленді. Бүгін жүлдегерді жерлестері әуежай басынан ыстық ықыласпен күтіп алды.

“Әрине, көздегеніміз “алтын” медаль еді. Дегенмен, үздік үштіктен көрінуіміздің өзі зор жетістік. Жаттықтырушыма, барлық командама, қолдау жасаған облыс басшылығына алғыс білдіремін. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда жаңа белестер күтіп тұр”, — дейді жүлдегер.

Бұл — Динараның спорт мансабындағы ең үлкен жүлдесі. Оның пара дзюдомен айналыса бастағанына небары бір-ақ жыл болған.

“Көру қабілетінен толықтай айырылып қалу кім-кімге де оңай тимейді. Үйде отырғанымда қызым көру қабілеті төмен, зағип жандарға арналған пара дзюдо клубына қабылдау жүріп жатқанын айтты. Оған дейін бұл спорттан бейхабар едім. Осылайша, дзюдомен айналысып, ерекше қабілетіммен көзге түсіп, шеберлігімді шыңдаудан танбай келе жатырмын”, — деді Динара.

Ендігі мақсаты — Жапонияда көру қабілеті төмен және зағип дзюдошылар арасында қараша айында өтетін әлемдік бәсекеде елдің көк туын желбірету! Жерлесімізге сәттілік тілейміз!

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу