Клубтың баспасөз қызметінен 25 жастағы француз қорғаушысы ресми түрде «Тобыл» футболшысы ретінде таныстырылғанын хабарлады.
Пап-Альюн Ндиайе Францияда сенегалдықтар отбасында дүниеге келген. Мансабының басында ол Францияның «Валансьен» және итальяндық «Болонья» клубтарының жастар құрамасында ойнады.
2017 жылы Испанияның «Лорка Депортива» клубымен келісім-шартқа отырды. Екі жылдан соң Ндиайе украиналық «Ворсклаға» ауысып, кейін австриялық «Альтах» клубына көшті. Өткен жылы француз түріктердің «Шанлыурфаспорында» болды.
Пап-Альюн Ндиайенің бойы 203 см-ге жетеді, бірақ ол соған қарамастан, жылдам әрі жинақы қимылдайды. Ол қорғаныс қапталында да, тірек орталық жартылай қорғаушы позициясында да ойнай алады. Сонымен қатар, Ндиайе допқа таласта, әсіресе «әуеде», жақсы өнер көрсетеді.