Қостанайда ерлі-зайыпты Айдар мен Ғалия Доспановтар ішкі істер саласында айтарлықтай үлес қосып жүрген жарасымды жұптың бірі. Мереке қарсаңында, өмірде де, қызметте де қол ұстасып бірге келе жатқан ерлі-зайыпты полицейлер өз жұмыстарының қиындықтары мен қызықтары туралы бөлісті.
Отан алдындағы әскери борышын Алматы қаласында өтеген Айдар Доспанов 2014 жылы Қостанай ауданының ішкі істер бөлімінде жол патрульдік полиция инспекторы болып еңбек жолын бастайды. 2017 жылы облыстық Полиция департаментінің әкімшілік полиция бөлімшесіне инспектор болып ауысты. Айдар Мұратжанұлы Қостанай қаласындағы экономикалық Қазтұтынуодағы колледжінде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алыпты.
«Ішкі істер саласында еңбек ету үшін қырағылық қажет-ақ. Осы салаға бет бұрған сәттен бастап, мойныма үлкен жауапкершілік жүгінің артылғанын сезіндім. Қалтқысыз қызмет етуге бар жастық жалыным мен күш-жігерімді жұмсап келе жатырмын. Қызмет барысында тәжірибе жинақтай келе Қостанай қаласы Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімі азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімшесінің аға инспекторы ретінде жұмысымды жалғастырудамын. Кәсіби білікті маман болуы үшін әлбетте өзіңнің біліміңді одан әрі шыңдау қажеттігін ескеріп, Қостанай қаласындағы Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бүгінде ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқаныма он жыл болды», – дейді полиция полковнигі Айдар Доспанов.
Ал Айдар Мұратжанұлының жары Ғалия Есламқызы болса, 2009 жылы А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2014 жылы Қостанай аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші қызметінен бастапты. 2017 жылы Қостанай қаласы Полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімі кадр саясаты тобының инспекторлығына ауысады. Мұнан кейін облыстық Полиция департаментінде кадр басқармасында, қазір Қостанай қаласы Полиция басқармасы Солтүстік полиция бөлімі кадр саясаты тобының инспектор болып еңбек етіп келеді. Он жылдан бері бір салада қол ұстасып бірге келе жатқан жұп қалай отбасы құрғанын да сөз етті.
«Қостанай ауданында алғаш жұмысқа тұрғанда таныстық. Мен ол кезде жол патрульдік полициясының инспекторы едім. Ғалия Ұзынкөлден, мен Қамысты ауданынан. Ғалия екеуміз бір-бірімізді ұнатып, қыз-жігіт болып бір жылдан аса уақыт араласып жүрдік. Ата-анамның қолқалауымен 2016 жылы үйленуге шешім қабылдадым. Ол кезде менің шенім – сержант, ал Дана лейтенант еді.
Ортақ қызығушылықтар болғандықтан, керісінше жұмыс қиын емес. Мен бала күнімнен тәртіп сақшысы болуды армандап өстім. Отбасымда жалғызбын. Бүгінде Алла берген қызымызды өсіріп, тәрбиелеп отырған бақытты ата-анамыз», – дейді Айдар Мұратжанұлы.
«Менің әкем әскери қызметкер. Қызмет бабымен іс-сапарларға шығатын, жиі жұмыс ауыстыратын. Осы себептен әкемнің ізін қуып, осы саланы таңдадым. Менің соңымнан ерген інім бар. Ол да әскери сала да еңбек етіп жүр. Он жыл қызметте де, отбасында да біргеміз. Қиын әрі жауапты жұмысты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жұмыс ұнайды. Түнде шұғыл шақыру болған кезде баламызды әке-шешемізге апарып тастаймыз. Олар да күн-түн демей шұғыл шақырту алатынымызды түсінеді. Отасқанымызға жеті жылдай уақыт болды. Арамызда ешқандай келіспеушілік болған емес. Бір салада бірге қызмет еткендіктен қайта бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Жұмысқа ертемен жетіп, сапқа тұру керек. Биыл біздің шаңырағымызда жақсы жаңалық – баспаналы болдық. Үнемі ата-анамыз қасымызда, көмектесіп, жұмыстың мазаңдығына түсіністікпен қарайды, қолдап жүреді. Кейде түнгі дабыл бола қалған жағдайда, кішкентай қызымызды таңғы бес демей, ата-анамызға апарып тастаймыз. Жұмыста погон таққан келіншек болғаныммен, үйде қазақтың ибалы келінімін. Ата-анама шай құйып беремін, ұлттық мерекелерде дастархан жаямын. Келіндік міндетімді естен шығарған емеспін. Әрине, қыз-келіншектерге ішкі істер саласында қызмет ету қиындау. Күндіз-түн демей, уақытпен санаспай, жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай кездерде жанашыр жарым қасымнан табылады. Полиция қызметкері ретінде жемісті жұмыс істеп келе жатқаным, ата-анамыздың, отағасының зор қолдауының арқасы деп білемін», – дейді полиция майоры Ғалия Доспанова.
Ерлі-зайыпты полицейлер погондар отбасы бақытына кедергі келтірмейтініне сенімді. Жұмыс еңбекті талап етеді, төзім мен кәсібилікті қажет етеді. Бірақ Айдар да, Ғалия да осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес.