Отандық өндірушілерге қолдау күшейтіледі

Отандық өндірушілерге қолдау күшейтіледі

Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың маңызды тетіктерінің бірі – отандық өндірушілерді қолдау. Өйткені өнім неғұрлым ел ішінде өндіріліп, оның өзіндік құны төмендеген сайын, тұтынушы үшін де бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік артады.

Осы бағытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілеріне нақты қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда,  өндірушілер үшін электр энергиясының тарифін 20%-ға төмендету көзделген. Бұл жеңілдік жай ғана қолдау емес, нақты міндеттемемен ұштасады. Өндірушілер өз кезегінде өнімнің босату бағасын ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.

Мұндай тәсілдің басты мақсаты – өндіріс шығындарын азайтып қана қоймай, оның нәтижесін дайын өнімнің бағасынан да көру. Яғни мемлекеттік қолдау тікелей тұтынушыға сезілетін нақты нәтижеге бағытталады.

Бұл ретте азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары өндірушілерді қолдаумен ғана шектелмейді. Өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі бүкіл қозғалысы назарда. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасы бойынша өңірлерде азық-түлік нарықтарына зерттеу жүргізілуде. Жеткізу тізбектері, жалдау шарттары, көлік шығындары және түпкілікті бағаның қалыптасу жолы талдануда. Әсіресе бағаның өсуіне әсер ететін артық делдалдарды анықтауға басымдық берілуде.

Логистикалық шығындарды азайту бағытында да нақты қадамдар жасалып жатыр. Азық-түлік өнімдерін теміржол арқылы тасымалдауға жеңілдікті тариф қолданылуда. Бүгінде бұл мүмкіндікті 50-ден астам компания пайдаланып, 38 мың тонна өнім теміржол арқылы жеткізілді.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі азық-түлік бағасының жалпы динамикасынан да көрінеді. Тамыз айының соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағалар индексі 100,0%-ды құрады. Ал ай басынан бері бағалар 0,2%-ға төмендеді.

Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының индексі 101,4% деңгейінде қалыптасты. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 107,9% болған. Осылайша, биыл азық-түлік бағасының өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда бес еседен астам төмен болып отыр.

Оң динамикаға маусымдық өнімдердің нарыққа мол түсуі де ықпал етуде. Әсіресе көкөністер бағасының төмендеуі жалпы индексті тұрақтандырып, жекелеген тауарлар бойынша байқалған баға өсімін өтеуге мүмкіндік берді.

Азық-түлік инфляциясындағы өзгеріс те осы үрдісті растайды. Оның жылдық деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 13,5%-дан шілде қорытындысы бойынша 10,1%-ға дейін төмендеді.

Сонымен бірге тұрақтандыру қорларының жұмыс істеу тетігі де қайта қаралуда. Ендігі жерде басты өлшем – бөлінген қаражатты игеру емес, оның нарықтағы нақты нәтижесі. Яғни өнімді сатып алып, қорда сақтау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – қабылданған шараның нақты тауар бағасына қалай әсер еткені.

Осыған байланысты тұрақтандыру тетіктері әр өңірдегі жағдай мен нақты тауардың нарықтағы ахуалына қарай нысаналы түрде қолданылмақ. Өнім қозғалысының қадағалануын күшейту және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы бағытталатын қаражаттың тиімділігін арттыру да назарда.

Жыл соңына дейінгі негізгі мақсат – отандық өндірісті қолдау арқылы азық-түлік ұсынысын арттыру, нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау және тұтынушы үшін негізсіз қымбаттауға жол бермеу.

Бүгінгі көрсеткіштер бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді. Отандық өндірушіні қолдау, логистиканы арзандату және нарықтағы артық буындарды қысқарту – тұрақты бағаның негізгі тіректеріне айналып отыр.