Отан қорғаушылар күніне орай батырлар ескерткішіне тағзым етті 

Отан қорғаушылар күніне орай батырлар ескерткішіне тағзым етті 

Бүгін оқу орындары мен партиялардың өкілдері Қобыланды, Шақшақ Жәнібек, Амангелді батырлардың ескерткіштеріне бір мезгілде гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Әсел Жұмағалиқызы бұл іс-шара осымен үшінші жыл ұрпаққа үлгі болып келе жатқанын айтады.

“Дәстүр бойынша жыл сайын 7 мамырда «Батырларға тағзым» республикалық акциясы ұйымдастырылады. Акцияға студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысып, бейбіт уақытта әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне, сондай-ақ, қазақ елін, жерін қорғаған қолбасшылар мен батырлардың, белгілі тарихи тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады. Бұл игі бастама кейінгі ұрпаққа үлгі”, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Биылғы іс-шара партиялардың аймақтық филиалдарының өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ерекшеленді.

Нұржан Бегайдарұлы “Республика” партиясының атынан арнайы тағзым етуге келген.

“Біздің тарихымыз тереңде жатыр. Мәселен тағзым етіп отырған осы бабаларымыз үш заманда өмір сүріп, келешек ұрпаққа жерді сақтап қалдырған. Қобыланды батыр ертедегі жаугершілік кезінде жаумен арпалысса, Шақшақ Жәнібек батырдың ерлігі жоңғар шапқыншылығымен тұспа-тұс келді. Амангелді батыр ақтарға қарсы тұрды. Міне, осы өткенімізді ертеңгі ұрпақ білуі керек”, – дейді ол.

Зиялы қауым өкілі Қадырғали Жаманбалин осындай іс-шаралардың белгілі бір датада ғана емес, жиі өткізіп жастардың санасына сіңіре беру керек деген пікірде.

“Оқу жылы басталысымен осыған ұқсас апталықтар болып тұрған дұрыс. Сонда балалардың патиоттық сезімдері оянады. Тарихи тұлғаларды мақтан тұтып жүретін болады”, – дейді Қадырғали Жаманбалин.

Жақсылық Кәкенов Шақшақ Жәнібектің сегізінші ұрпағы.

Ол бүгін кеншілер қаласынан осында арнайы келген.

“Біз бұл жерге жылда жиналамыз. Биыл әскерилердің атсалысуымен әкімдік кеңірек қолға алып жатыр. Алғысымыз шексіз. Осы батырлар қорғап қалған жерді сақтап қалатын да, мақтан етіп айтып жүретін де кейінгі буын. Жасалып жатқан дүние ұрпақ үшін тәрбие”, – дейді ақсақал.

Батыр рухына тағзым етуге Қостанай өңірлік университетінің жанындағы әскери кафедрасының шәкірттері де келді.

Жансая Исламхан болашақ мамандығын Отан алдында адал қызмет етумен байланыстырады.

“Байтақ даламыз біз үшін осы бабаларымыздан қалған мирас. Ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Оны сақтау ертеңгі үлгі, бүгінге міндет”, – дейді Жансая.

Ал Амангелді Иманов ескерткішіне тағзым етуге “Ауыл” партиясының өкілдері мен Қостанай инженерлік экономикалық университетінің ұжымы келді.

Тарихшы қауым өмір деректерінен баяндама жасады.

“Ауыл” халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұркелген Әбдірашов Амангелді Имановтың көпшілік біле бермейтін ерекше қырларына тоқталды.

“Амангелді батыр айналасындағы адамдардың тағдырына қатты алаңдаған. Бейбіт елдің тыныштығын сақтау үшін бұратана қауымның саясатына қарсы шықты. Халық қамымен ұлт азаттық көтерілісінің қоғамдық сипат алуына ықпал етті. Бірнеше тіл білген, заманының сауатты адамы болған”, – деді ол.

 

 

Суреттерді түсіргендер – Бердіболат Көркембаев, Бағдат Ахметбеков, Бейбіт Мейрамұлы 

Жаңалықтармен бөлісу