Орыс тіліндегі  спектакль балаларға қазақ тілін үйрете ала ма? www.teatrkukol-kst.kz

Орыс тіліндегі спектакль балаларға қазақ тілін үйрете ала ма?

Облыстық қуыршақтар театры жыл айрығында кішкентай көрермендерге «Қазақ тілін бірге үйренеміз» спектаклінің премьерасын ұсынды.

Балалар ақылды қоян Бека және жалқау қонжық Борямен бірге орман мектебінде қазақ тілінің қызықты сабағына қатысып, қазақ тілін үйрену қажеттілік қана емес, сонымен бірге өте қызықты әрі танымды екенін түсінеді. Дана ұстаз Ақылбай Ақылбайұлы әзіл мен көңілді әндер, тартымды ойындар арқылы балаларға қазақ тіліндегі маңызды сөздер мен сөйлемдерді үйретеді. Спектакль мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған интерактивті бағытта әзірленген.

Қуыршақ театрының премьерасына біз де бардық. Балалалармен бірге бастан аяқ тамашаладық. Спектакль қазақ тілді көрерменге арналмаған. Тіл үйренемін деп ынталанған орыс тілді бүлдіршіндерге арналған болуы керек. Себебі дені орыс тілінде. Тек қазақ тілін үйрену үшін кейбір сөздердің аудармасын айта отырып, сабақ өткендей қайталау арқылы санаға құяды. Одан балғындар қаншалықты тіл үйренері мен үшін белгісіз. Бірақ аудармаларды көрермен балғындар қайталап қосылып отырды.

Қазақылықтың иісі де жоқ. Сол баяғы орысша сарын. Орман іші, аю мен қоян, оқытушыны мен орыстың сова (үкі) бейнесінде елестеттім. Екі тілде араластырып сөйлеу бізге үйреншікті болып кеткендей. Атауы қазақша болғанымен заты орысша өтетін спекталь балаларға қазақ тілін үйрете ала ма? Мүмкін орыстілді бала үшін қарапайым сөздерді үйренуге болар. Ал қазақ баласы керісінше орысша сөйлеп шығатыны сөзсіз. Қасыма ертіп апарған орысшаға шорқақ менің 6 жасар қызым күлгін түсітің фиолетовый екенін біліп шықты.

Спектакльдің қоюшы-режиссері Анастасия Серикова, қоюшы-суретші Александра Кравцова, ал музыкалық көркемдеуші Андрей Коротченко. Бұл кісілермен кездесудің сәті түспеді. Ал басты бейне мұғалімді сомдаған Ғабит Қызыровтің бұл орыс тілінде ойнап шыққан алғашқы рөлі екен. Оңай болмады дейді. Бірақ сәтті алып шықты. Ал спектакль бала санасына саңылау бола алды ма деген сауалды театыр ұжымы өздеріне қоюлары керек сияқты. «Бұл қазақша қойылым ба, әлде қалай?» деген сауал біздің көкейімізде тұрды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу