Орталықтың жаңа белесі

Орталықтың жаңа белесі

Қазір заманауи құрылғылар мен ерекше күтімнің нәтижесінде шала туған балаларды қатарға қосу анағұрлым артып келеді. Жақында Рудный перинаталдық орталығы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына офтальмологиялық жабдық сатып алды. Енді жаңа туған шақалақтардың көз жанарын сақтап қалуға мүмкіндік еселей түсті. 

Осылайша елдегі медицина ұйымдары «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен шала туған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және соқырлығын емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. 13 аймақтағы 28 медицина мекемесі офтальмологиялық линзалармен және офтальмоскоптармен жабдықталды. Сатып алынған құрылғылардың жалпы құны 307 млн теңге.

Медицина ұйымдарына жабдықтарды жеткізу мамандарды оқытумен қатар жүргізілді. Қостанай облысында мұндай аппараттың тілін білетін маман біреу ғана. Ол – офтальмология дәрігері Анастасия Ким. Білікті дәрігер Қостанай мен Рудныйға қатынап істеп жүр.

– Бұл аппаратта кез келген офтальмология дәрігері жұмыс істей алады. Бірақ білімін жетілдірген мен жалғыз маманмын. Шала туған балалардың дені осындай аурумен ауырып, оны қолға алатын маман жоқ екенін көрдім. Содан 2021 жылы Мәскеуге барып, қосымша білім алдым. Біліктілігімді арттырған соң Қостанайдағы перинаталды орталықта еңбек еттім. Ол жерде бар жағдай болған соң мүмкіндік те жетерлік. Содан басқарма арқылы осындай аппарат керек екенін айтып, мәселе көтердік. Қор қолдады. Жұмыс істей алатын маман болғандықтан осы қондырғыны алды. Егер мен сияқты білімін жетілдіргісі келетін дәрігер болса, олар да білім алар еді. Енді Рудныйда жаңа қондырғы бар, керек кезде мен Қостанай қаласына да, Рудныйға да келіп, балалардың көзін қарап үлгеремін, – дейді Анастаия Ким.

Офтальмологиялық жабдық шала туған нәрестелердің көру қабілетінің ақауын (ретинопатия) анықтауға, уақытылы емдеуге және алдын алуға мүмкіндік береді. Өңірлердегі медицина ұйымдарының көпшілігінде офтальмологиялық скринингке арналған жабдық жетіспейді. 2022 жылы елімізде дене салмағы 2500 грамнан аз 20 мыңнан астам нәресте дүниеге келген, оның ішінде 5 мыңға жуығында ретинопатияның даму қаупі жоғары екені анықталған. Сондықтан ай-күні толмаған нәрестелерді офтальмологиялық скринингпен қамтуды ұлғайту, ретинопатияны дер кезінде емдеу және мүгедектік деңгейін төмендету үшін «Қазақстан халқына» қоры емдеу мекемелерін арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаға бастамашылық берген. Шала туған балалар арасында жиі кездесетін ретинопатия патологиясы енді заманға сай құрал арқылы емделеді. Бұл диагноз көз торы тамырларының қалыпты жетілуін бұзатын бірқатар факторлардың әсерінен пайда болатын көздің патологиясы. Уақытында ем жүргізілмесе сәбидің нерв атрофиясына және көз жанарынан айырылуы мүмкін.

–Шала туған сәбилердің көз жанары жетілмей туады. Бір келіден сәл асып туған балаларға ем жасалмаса көздері көрмей қалады. Біз ондай жағдайда дәрігерді шақыртамыз, ол кісі көзін қарап, егер сондай кемістік болса Астанаға ота жасауға жібереміз. Бұрын мұндай аппарат болмады. Былтыр Астанадан мамандар келіп, осы жерде ота жасады. Біздегі шала туған балалардың 40 пайызға жуығы осындай аурумен аурады. Енді шала туған балаларға көруге, ал олардың отбасыларына қуаныш пен бақыт сыйлауға көмектесу мүмкіндігі пайда болды. Биыл 42 баланың ішінде 7 бала тексеріліп, 4-уін Астанаға санавициямен ота жасауға жібердік, – дейді Рудный перениталдық орталықтың басшысы Людмила Төлебаева.

–Егер бала туған соң 72 сағаттың ішінде тексерілмесе ол бала соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл біздің өңірде ғана емес, бар әлемде туындаған мәселе. Осындай патологиямен туған сәбилерді енді перинаталдық ортақтан шықпай-ақ тексере аламыз. Бүгін қор арқылы жаңа, заманға сай жабдыққа қол жеткізіп отырмыз. Бұл әрине, отаның сәтті өтуіне, дәрігерлер жұмысын тиімді атқаруға септігін тигізеді, әрі біздің жұмысты біршама жеңілдетеді. Жаңа айта кеткендей, егер дер кезінде ем қабылданбаса, бала көз жанарынан айырылуы мүмкін, – дейді  Анастаия Ким.

Баланың көз жанарын сақтап қалу төрт кезеңнен тұрады. Алдымен дәрігерлер патологияны анықтайды, одан әрі нақты диагноз қояды, әрі қарай ем алу жолы шешіледі. Ота жасалған жағдайда жазылғанша күтім көрсетіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жер жүзінде әрбір оныншы бала айы-күні жетпей, шала туады екен. Уақытынан бұрын дүниеге келген шараналар да түрлі келеді. 500 грамдық бір уыс қызылшақаның қатарға қосылуына ата-ананың да, дәрігерлердің де көп тер төгетіні бесенеден белгілі болғанымен, дені сау баланың болашағына алдымен ата-ана жауапты.

–Шала туған баланың бәрі осындай патологиямен туа бермейді. Ол салмағы өте төмен балаларда кездеседі. Онымен қоса ана мен әкенің денсаулығына да көп нәрсе байланысты. Уақытынан бұрын босану да бекерден болмайды. Ана денсаулығына әсер ететін жағдайлар көп. Сондықтан аяғы ауыр келіншек өзін күтіп, баласына жауапты екенін түсінгені жөн. Көбіне инфекциядан болып жатады. Бала көтермес бұрын бәрін жоспарлап, тексерілген дұрыс. Бұрын ата-ана мектебі деген болатын. Сондықтан баланың болашағын ойласақ, аналар тексеріліп барып, бала көтергені дұрыс, – дейді дәрігерлер.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.

Рудный қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу