Қостанайға трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының мамандары келіп, кездесулер өткізді. Басты мақсаттары белгілі. Өзгеге өмір сыйлау. Өмірді тек ана емес, о дүниелік болған мәйіт те сыйлай алады екен. Қайтыс болған жанның жүрегі, бүйрегі, өкпесі немесе бауыры өзгенің ағзасына дер уақытында орналасса үзілгелі тұрған өмір қайта жалғасып, жүрек қайта соғады. Орган ауыстыруға мұқтаж адамдар саны жыл сайын артып келеді. Елімізде дертке душар болған 4 мыңға жуық адам донорға мұқтаж. Соның 90 пайызы бүйрек кезегін күткендер. Бұл кезек соңғы пандемия кезеңінде көбейе түскен. Басты проблема – донорлардың аздығы. Бұл біздің елде ғана емес, әлемде бар проблема. Халық донор болудың не екенін дұрыс түсінбейді. Қазақстанда 18 жастан асқан адам ғана донор бола алады, дәрігерлердің консилиумы мидың өлімін растауы тиіс.
Осы топпен келген орталық қызметкерінің бірі – Жәнібек Оспанов. Ол кісінің өзі де жүрегін ауыстырған азамат. Ол 6 жыл бойы өзгенің жүрегімен өмір сүріп келеді. Мұнда келгендегі мақсаты – халыққа донорлық жолдың мағыздылығын түсіндіру.
Өлім расталғаннан кейін донордың жақын туыстарынан марқұмнан ағза алуға келісім беру гуманизм мен азаматтықтың актісі саналады. Туысқандарының жазбаша рұқсатынсыз қандай да бір әрекеттер жасауға заңмен тыйым салынады. Тіптен ол өзінің көзі тірі кезінде рұқсатын берсе де, о дүниелік болған соң туыстарының келісімі қажет. Осы жағдай қиындық тудырады. Заңның осы бөлігіне түзету енгізілсе қаншама жанның өмірі қайта жанар еді дейді мамандар.
– Әрине жақынынан айрылып, қайғы жамылып жатқанда орган сұрау миға да қонбайды. Оларды да түсінуге болады. Ондай шақта кім түсініп, жақынының ағзасын бере қойсын. Бірақ осы келісім арқылы басқа тірі жанның өмірін алып қалатынын ұғынса дейсің. Мұндай қиын жағдай кез келгеннің басында болуы мүмкін. Алда не боларын бір Алла біледі, – дейді Жәнібек Оспанов.
Қазіргі күнде 4000-нан астам Қазақстан азаматы egov порталында мәйіттік донорлыққа келісім берген. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркін білдіру құқығын тіркеуді Қазақстан Республикасының азаматы екі жолмен жүзеге асыра алады. Біріншісі – тіркелген жері бойынша емханаға тікелей жүгінген кезде, онда жауапты тұлға жеке басын және тіркелу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді, содан кейін өз ұсынысын білдіреді. Ал екншісі - қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркіңізді үйден шықпай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеуге болады. Ол өтінішті кейін өзгертуге де жол ашық.
Донорлық жолмен ота жасалғандардың 85 пайызы тірі адамдардан алынған, тек 15 пайызы ғана мәйіттен ауыстырылған. Ал негізінде керісінше болуы тиісті. Мысалы бүйректі тек тірі адамнан алады. Биыл 5 донордан 16 ағза алынған. Бұл өте аз. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы заңды өзгерту және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
–Менің де денім сау болып тудым. Менің басыма осындай жағдай түседі деп ойлаппын ба. Айтарым, ешкім де алда не боларын білмейді. Сондықтан адам болған соң, өмір болған соң түрлі жағдай бола береді. Донор болу сауапты іс. Өмірді сақтап қалудың өзі неге тұрады. Ал ота жасаған жандар қайтадан өмірге оралады. Әр адам өз шешімі арқылы қаншама жанның өмірін алып қалар еді. Өз басым маған жүрегін берген жанның туыстарымен күні бүгінге дейін араласып тұрамыз, – дейді ол.
Ал Қостанай облысы бойынша 400 адам донор кезегінде тұр. Дені бүйрек ауруымен тіркелгендер. Арасында балалар да, бауыр және жүрек алмастыруды күтіп жүрген науқастар да бар.
–Ми өлгенде науқас тек аппаратпен ғана жатады. Сол кезде олар туралы барлық деректерді трансплатациялық орталыққа жібереміз. Арнайы бригада келіп, туыс туғандарымен сөйлеседі. Адамның миы өлген соң ол адам ұзаққа бармайды. Бірақ оның ағзасы донорлыққа жарар еді. Түрлі себеппен туыстары келісім бермейді. Бірақ өлген адам қайта келмейді ғой, ал ол ағзамен қаншама адамның өмірін алып қалуға болар еді. Жүрек пен ұйқы безі, өкпе тек қайтыс болған адамнан алынады. Өлім мен үміттің арасындағы нәзік қылдай созылған күту жылдарына көп адамның өмір сағаты жетпей қалады. Бізде жүз адамға осындай диагноз қойылып, ағзалары жарамды болды. Бірақ солардың тек 15-і ғана ағзаны басқаға беруге келісті. Егер басқалар да келісімін берсе қаншама адам өмірін жалғайды. Донор күтіп жүргендердің дені жастар. Қостанай облыстық ауруханасында тек донор алынады да басқа қалада ота жасалады. Егер адам көзі тірісінде өзі келісімін берсе де өлген соң соңғы шешімді туыстары қабылдайды. Сол жағы қиын. Ағза ауыстыру кез келгенге, ересекке де, балаға да қажет болып жатады, денсаулыққа кепілді ешкім бермейді. Кей кеселдердің дауасы орган ауыстыруға келіп тереледі, – дейді облыстық аурухананың анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Александр Сачко.
Өмір үшін күресіп жатқан мыңдаған адамды, мәйіттік донорлар арқылы ажалдан сақтап қалуға болады. Алайда заңның солқылдақтығы – істі кері кетіріп тұр. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың күрделі екенін жасырмайды. Сол үшін марқұмдардың ағзаларын алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Өзгенің жүрегін күтіп жүрген жанның бірі – Николай Музыко. Бар өмірі иығына асып алған құрылғыға тиесілі. Сырттан қараған адамға жәй ғана сөмке асынып алған сияқты. Бірақ ол сөмкеде оны өмірі тұр. Оның қуаттағышы таусылса жүрек қағысы да тоқтамақ.
–Менің өмірім осы құрылғыға тәуелді. Үнемі арқалап жүремін. 1-ші топтағы мүгедекпін. Жасым 38-де, отбасын құрып адам сияқты өмір сүргім келеді. Бала кезімнен аурамын. Жүректі тек мәйіттен ғана алып салуға болады. Батареясын қуаттап алып жүруім керек. Біз сияқтылар өте көп. Өзге елдерде мұндай механикалық қозғаушыны салу өте қымбат. Бұл аппаратты салмағанда мен әлдеқашан өліп қалар едім. Егер донор болса өмірміз жалғасады, – дейді ол.
Бес баласы бар Нұрғали Құлқынбаевтың да өмірі қуаттағышқа тәуелді. Ол болмаса оның да жүрегі тоқтайды. Атпалдай азаматтың жұдырықтай аппаратқа байланғанына 6 жыл. Реттегіш құрал семіп қалған жүрегінің сол жақ бөлігіне орнатылған. Осы құрылғыны салғанша ауа жетпей, жүрегі қысылатын.
– Осыны салар кезде жүрегім тоқтап қалыпты. Бар үмітім донор табылып қалар деп сенемін. Жазылып кетсем ең бірінші ел сияқты моншаға барар едім. Адам сияқты жуынып, өмір сүргім келеді. Әкем де осы аурудан кеткен. Әкемнен берілген сияқты, – дейді бар үмітін арқалап жүрген азамат.
Елімізде өз еркімен донор болса, немесе органын сатса олар мүгедектік бойынша жәрдемақы ала алмайтыны былай тұрсын, ол – заңсыздық. Өз ағзасын трансплантация жасауға келіскен жан ол үшін қаржы алатын болса, қылмыстық жазаға тартылатыны тағы бар. Органды алмастырып өмірді жалғастырамын деп үмітпен өмір сүріп жатқандардың сенімі ақталса дейсің.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы