Әулиекөл ауданында тұратын оқырманымыз редакцияға хабарласты. Ол соңғы уақытта «Қостанай таңы» газетінің келмей қалғанына шағым айтады. Ағамыздың арыз-тілегін тыңдап, басылымды таратуға жауапты мекемеге жүгіндік.
Батырхан Ермұхамбетов – «Қостанай таңы» газетінің тұрақты оқырманы. Қарт басылымға көп жылдан бері жазылып келеді. Әр нөмірін асыға күтіп отырады. Ұқыптап жинап, жеке мұрағатын жасауды әдетке айналдырған. Бірақ соңғы уақытта газет ағамыздың мекенжайына жиі-жиі келмей қалатын болыпты. Мұның мәнісін түсіне алмай дал.
«Осыдан бес-алты жыл бұрын ауданға бас редктор бастаған газет ұжымы келген. Соған жергілікті жұртты, ауыл әкімдігінің өкілдерін шақыруға атсалысқан жандардың бірімін. Өзім де аудандық «Әулиекөл» газетінде көп жыл қызмет еткен маман едім. Сондықтан мұның жай-жапсары маған етене таныс. Сол бір жиында қазақ тілді басылымға жазылғысы келетін тұрғындар аз болмады. Кейін де көбейе түскеніне сенімдімін. Оңтүстік аудандардағыдай болмаса да, «Қостанай таңының» Әулиекөлде де бірсыпыра оқырманы бар. Ендігі мәселе газеттің мекенжайларға таратылуына қатысты болып отыр. Бір емес, бірнеше рет басылым үйімізге жетпейтінді шығарды. Әсіресе, былтыр желтоқсан айының соңғы онкүндігіндегі газеттер қолымызға тимеді. Бүгінге дейін жоқ», – дейді Батырхан ағамыз.
Ол бірер күн бұрын әкімдіктің ішкі саясат бөліміне қоңырау шалған. Жаздырып алған газеттің неліктен келмей жатқанын сұрапты. Ондағылар аудандық «Қазпочта» бөлімшесіне жүгінуге кеңес берген. Почта қызметкерлері айтқандай, аудан орталығының кейбір бөліктеріне газет тарататын курьер жетіспейді екен.
«Почта бөлімшесіне өзім ерінбей барсам, газеттің бір-екі нөмірі келіпті. Олардың өзі – осы жылдың басында жарық көрген газеттер ғана. Жалпы, мұндай мәселенің пайда болғанына бір жылдан асып кетті. Газет Қостанайдан келуі келеді, тек сол тиесілі мекенжайларға таратылмайды. Курьер жоқ деген не сөз? Бұл олқылықты неге шешпейді? Не масқара? Тиесілі газеті қолына тимей отырған мен ғана емес қой. Мен секілді қаншама оқырман болуы мүмкін. «Қостанайға хабарласамын» деп едім, «мейліңіз білсін» дейді почташылар. Бұл олардың қалыптасқан жағдайға көңіл бөлмей отырғанының белгісі емес пе», – дейді зейнеткер.
Осы шағым бойынша «Қазпочта» АҚ Қостанай облыстық филиалымен байланыс орнаттық. Мекеме басшылығы бұл жағдайдан хабардар болып шықты. Қазір осы келеңсіздікті шешудің жолдары қарастырылып жатқан көрінеді.
«Әулиекөлдегі бұл жайтпен жақсы таныспыз. Жақында ғана аудандық почта бөлімшесі басшылығымен хабарласып, көпке ұзатпай қалыпқа келтіруді сұрадық. Мәселе шынымен де курьердің жетіспеушілігінен туындады. Басылымдарды тарататын бір-екі қызметкердің орны босап, қысқартулар салдарынан елді мекеннің жекелеген мекенжайларына газеттер уақытылы жетпей қалып жатыр. Енді қамтылмай қалып жатқан бірнеше учаскені біріктіру шешімі қабылданғалы отыр», – деп жауап берді филиал директорының орынбасары Қайрат Сағадиев.
Ол бүгін-ақ аудандық бөлімшеге хабарласып, осы бағыттағы жұмысты барынша жеделдетуді міндеттейтінін айтты. Түйткілдің таяу арада толық шешімін табатынына уәде берді.