«Ұлттың бәсекеге қабілеті бірінші кезекте білім деңгейімен айқындалады». Ел тұтқасын ұстаған ағалар, қоғам қайраткерлері осындай пікірді жиі айтып жүр. Расымен, елдің бүгіні мен келешегіне білімді азаматтар тікелей жауапты. Замана көшіне ілесу үшін саладағы жүйені үнемі жетілдіріп отыру маңызды.
Бүгінде тұлға қалыптастыру, еркін ойлы ұрпақ тәрбиелеу туралы да көп айтатын, жазатын болдық. Оған апаратын жол, бағыт – оқу-тәрбие үрдісін инновациялау.
Тұлға қалыптастыруда негізгі міндет – жас ұрпақтың тәні мен жанын қатар дамыту, танымын жетілдірудің әдіс-тәсілдерін анықтау, іздеу және оны қолдану.
Студенттерімізді білімге ынтыландыру үшін шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар тәжірибе керек. Сол үшін жатпай-тұрмай еңбектенеміз. Қазіргі тілі – ақпараттық технология. Иә, одан қалыс қалдым дегенше, еңбегің еш кетті дей беріңіз. Сондықтан, жаңа бағыт-бағдар таңдау, ізденіс дегеніңіз компьютердің,
интернеттің, жастар кеңінен қолданатын әлеуметтік желінің көмегінсіз мүмкін емес процесс. Тәжірибемнен қарапайым ғана мысал: бір тақырыпты әлеуметтік желідегі танымал (қазіргіше айтқанда – тренд) дүние арқылы түсіндіру студенттерге әлдеқайда сіңімді болатынын білдім. Бірақ менің айтып отырғаным –
үлкен теңіздің бір тамшысы ғана іспетті.
Педагогикалық қызметтің тұрақты, жақсы нәтижелері назарда ұсталуы керек. Ол сіздің орағыңызға іліккен – астық, өнім. Оны дұрыс жарата білген абзал. Яғни, сіздің «өніміңіз» – студенттердің білім, іскерлік, дағдыларының, жалпы дамуының, тәрбиесінің деңгейі, өсіп жетілуі.
Біздегі «Білім туралы» Заңда оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, білім мекемелерінің педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны тиімділігіне қарай пайдалану оқытушыдан үлкен шеберлікті талап етеді.
Басты ұстаным – сапа. Сабақта интерактивті әдістерді қолданып, әр студенттің психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, мүмкіндік деңгейлерін ашуға күш саламыз. Инновациялық технологияларды сынау арқылы тиімділігін арттыру, оқу орны жағдайына бейімдеу ді бір міндет.
Заман талабына сай технологияларды қолдану ауқымы, түрлері өзгеріп отырады. Бірақ ең басты технологияларды тиімді, жүйелі қолдану керек.
Инновациялық технологиялар: жобалау технологиясы; саралап даралап оқыту; дамыта оқыту технологиясы; модульдік оқыту технологиясы; сын тұрғысынан ойлауды дамыту; сатылай кешенді талдау; деңгейлеп оқыту технологиясы.
Педагогикалық үрдісте жаңа технологияларды енгізіп, интерактивті оқытуды пайдалану оқытушыларды шеберлік жағынан шыңдайтыны дау тудырмайды.
Жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалды, кәсіптік адамгершілік, рухани азаматтық және адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үлгісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Сабақта қолданылатын әдістер көмегімен жеке тұлға ретінде жан-жақты дамыған, шығармашылық ойлау білімі меңгеріледі.
Білімді меңгерту – студенттің танымдық талдау жасай отырып, оны орынды пайдалана білуі арқылы жүзеге асатын құбылыс. Бұл студенттердің есте сақтау, ойлау, даму қабілеттерін арттырады.
Сабаққа іріктелген жаттығу, тапсырма, ойындардың шығармашылық сипатта болуы өте маңызды. Оның маңыздылығы: студенттер үшін практикалық құндылығының болуы; студенттер өмірімен байланысты болуы; олардың интеллектуалдық қабілеттерінің дамуына жағдай жасалуы; студенттердің қызығушылығын туғызуы; оқытудың практикалық мақсаттарына сай болуы керек.
Жаңа инновациялық іс-әрекетпен қаруланған психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын шығармашыл педагог-зерттеуші ойшыл оқытушы ғана мақсатқа жете алады.
Шаттықгүл ЕСҚАЛИЕВА,
Қостанай жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы