Көктемгі су тасқынынан жапа шеккен Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындары Арқалық қаласынан жаңа пәтерге ие болып жатқаны белгілі.
Көпжылдық баспаналарынан айрылған тұрғындар сол мезетте эвакопунктке орналастырылып, қажетті қолдаулармен қамтамасыз етілді. Университеттің «Үшінші миссиясын» іс жүзінде жүзеге асырып жүрген Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты да төтенше жағдай кезінде белсенділік танытты.
Атап айтқанда, институттың педагогикалық оқытушылар құрамымен студенттер аталмыш ауылдарға барып, қар суының қауіпін сейілтуге атсалысты. «Жас Орда» студенттік бірлестігінің белсенділері эвакуацияланған бүлдіршіндерге «Балалық шақ» мерекелік бағдарламасын тарту етті. «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы мен «Әлеуметтік-психологиялық қызмет» психологтары тұрақты түрде тұрғындарға қолдау шараларын ұйымдастырды. Зардап шеккен отбасылар институтқа шақырту алып, арнайы экскурсияға қатысты.
Қазір ауылдан қалаға қоныс аударған тұрғындар тұрмыстарының жағымды тұстарын алға тартуда.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы