Олимпиада кезінде қостанайлық оқушылар уланып қалды

Олимпиада кезінде қостанайлық оқушылар уланып қалды

Бұл туралы Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«21 наурыздан бастап балаларға білікті медициналық көмек көрсетілуде, зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты», – делінген хабарламада.

Қалыптасқан жағдайды мониторингілеу үшін Шымкент қаласына Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Айман Ибраева және Қостанай облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар дәрігері жолға шықты.

Республикалық олимпиаданың нәтижелеріне қатысты ата-аналардың талаптары ҚР Білім министрлігіне жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкенттегі жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 891 адам қатысты.

Олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ, бір оқушының денесі бөртіп, «желшешек» диагнозының белгілері байқалған. Ұйымдастырушылар дер кезінде тиісті шұғыл шара қабылдаған.

Аталған оқушыларға шұғыл жедел жәрдем шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Басқарманың мәліметінше, Шымкенттегі Олимпиада кезінде уланған балалардың жағдайы тұрақты көрінеді.

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу