А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті «Қазіргі заманғы журналистиканың және PR-дың өзекті мәселелері: медиа және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жанжалды дискурс» тақырыбында V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Ұйымдастырушы – П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы. Конференция екі форматта, дәстүрлі және Zoom платформасы арқылы онлайн режимде өтті. Ғылыми шараға Тәжікістан, Қырғызстан, Ресей елдерінің қатысты. Дөңгелек үстел барысында медиалингвистика, фактчекинг, жасанды интеллект медиа сауаттылық және басқа да өзекті аспектілер талқыланды.
Конференцияның мақсаты – қоғамдағы жағдайлар мен ресурстардың өзгеруіне байланысты медиа саладағы проблемалық мәселелерді талдау.
Халықаралық конференцияға Қазақстанның, шет елдердің жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, медиа сарапшылары, тәжірибелі журналистер, жарнама және PR мамандары қатысты. Іс-шара аясында бірнеше бағыттар бойынша баяндамалар тыңдалды. Мәселен, қоғамның әртүрлі салаларындағы PR мен жарнаманың даму ерекшеліктері, бұқаралық коммуникацияның қазіргі тенденциялары жағдайындағы жаңа медиа, бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі, баспасөздің жанрлық және тақырыптық дамуы мәселелері әңгіме өзегіне айналды.
Спикерлер медиа саласында жаңа технологияларды қалай қолдануға болатынын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінің мамандары өз елдеріндегі ақпараттық ахуалға зерттеу жүргізіп, конференция барысында нәтижелерімен бөліскенін атап өту керек. Көршілес мемлекеттердегі медиа ахуал конференция қатысушыларының қызығушылығын тудырғаны рас. Көрермендер түрлі сұрақтар қойып, оған эксперттердің жауабы ғылыми зерттеулердің өзектілігін одан әрі аша түсті.
Ал, «Құқықтық медиаорталық» ҚҚ жетекшісі Диана Окремова «Масс-медиа туралы» заң жобасы журналистиканың кәсіби саласын реттейді деген пікірде.
«Масс-медиа дегеніміз – бұқаралық ақпарат құралдары, желілік басылымдар және интернет-ресурстар. Яғни, іс жүзінде заң бүкіл интернет кеңістігін қамтиды. Ол журналистерге емес, барлық Интернет пайдаланушыларына бағытталған. Бұдан басқа ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істер бойынша талап қою мерзімін енгізу туралы норма да бар. Соңғы нұсқада бұл норма алынып тасталыпты. Одан басқа мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мәселесі де бар. Министрлік қаражатты бөлетін және оның барлық әрекеттері ашық болатын тәуелсіз оператор болады деп уәде берді. Не өзгерді? Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс «грант» сөзіне ауыстырылды, бірақ ашықтық кепілдіктері туралы бірде-бір сөз жоқ. Біз бұл жүйе құпия болып қала ма деп қорқамыз», – дейді Диана Окремова.
БАҚ-тың өзекті мәселелерін көтеретін, медиа бағыттағы жаңалықтармен бөлісетін халықаралық ғылыми конференция Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Жыл сайын іс-шараның шекарасы да кеңейіп келеді. Тәжірибелі журналистер мен мамандыққа енді ғана қадам басқан студент жастардың өзара пікір алмасуы – екі жаққа да пайдалы, нәтижелі болмақ.
Ш.ҚОҢҚАБАЙ