Наурыз айының 26-да «Жанкелдин ауданының ауылдарын су басып жатыр» деген хабарлама келді. Кешкісін тездетіп Қостанай қаласынан құтақарушылар аттанды. 13 маман екіге бөлініп, бірінші топ Торғайға, екінші топ Тәуіш ауылына жол тартты. Ол жаққа жете салысымен мектептің алдына су соруға арналған сорғыны орнатып, таңға дейін жұмыс істеді. Ауыл тұрғындарын қайықпен тасып, қапшыққа құм салып бөгет істеді.
Сол күндері Аралбай ауылынан Торғай ауылына эвакуациялық пунктке 184 адам жеткізілген. Осы топтың арасында осы салада тоғыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Қостанайдағы өрт сөндіру бөлісшесінің командирі Алмат Бауыржанұлы да бар болатын.
Алмат екі қыздың батыр әкесі. Бір отбасының тірегі.
«Мектепте оқып жүргенімде өрт сөндіруші болсам екен деп ойлайтынмын. Бірақ бұл жауапкершілігі мол сала екенін бала жүрегім білмеген екен. Уақыт өте келе өмір мені осы жолға әкелді. Өкінішім жоқ. Қыздарым кішкентай болса да «менің әкем өрт сөндіруші» деп айтып жүреді”, – дейді Алмат Бауыржанұлы.
Алғашында Астана қаласындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімнің екінші бөлімшесінде аға өрт сөндіруші болып жұмыс істеген ол Қостанай қаласына ауысты.
“Өрт көбіне өрт қауіпсіздігін сақтамаған тұрғындардың жауапсыздығынан болып жатады. Бір тәулікте тоқтамастан шақыртуға баратын кездеріміз де болады. Тәуліктің қай мезеті болмасын сауыт сайманымыз әзір тұрады. Шапшаңдық пен қырағылық көрсетіп, көмек беруге дайынбыз. Жұмысымды ерлік деп айта алмаймын. Бұл біздің міндетіміз», – дейді Алмат Бауыржанұлы.
Елімізде өрт те, топан су да болмасын. Бірақ өмір болған соң небір жағдайлар орын алатыны шындық. Сондайда төтеншелік жігіттер әзір тұрады. Осындай құтқарушының бірі – Ринат Тобылұлы.
Ринат меңдіқаралық азамат. Көктерек ауылының тумасы. Екі бүлдіршіннің әкесі. Негізгі мамандығы экономист болса да қысқартуға ұшырап, осы салаға келіпті. 2013 жылдан бері төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін небір жағдайларды көрді. Адам өміріне арашашы да болды.
“Еңбек жолымды Рудный қаласындағы өрт сөңдіру бөлімінен бастаған едім. Болашақта өрт сөндіруші боламын деп ойламаппын да. Бірақ осы жылдар ішінде өз жолымды тапқанымды түсіндім. Әрине, таңдаған жолым оңай емес”, – дейді Ринат.
Бұл жұмыстың қиындығы мен жауапкершілігі көп. Жанып жатқан өрттің ішінде не күтіп тұрғанын алдын ала болжаудың өзі қиын. Олар тәуекелге бел буып, отқа да, суға да түседі.
“Үстімізге киетін киімнің салмағы да жеңіл емес. Соған қарамастан өртте қалған адамды көтеріп алып, өмірін алып қалуға барымызды саламыз. Төтенше жағдай кезінде адам өлімі болмаса екен деп тілеймін. Бір жолы кішкентай екі бүлдіршінді құтқарып үлгере алмаған едік. Ата-анасы балаларды сыртынан жауып, жұмысқа кеткен. Біз жеткенше балалар түтінге тұншығып қалыпты. Сондай кезде оңай емес, жан дүниең құлазып қалатыны бар, – дейді өрт сөндіруші.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков