Бүгінде облыста өнеркәсіп өнімдерін өндірумен 900-ден астам зауыт, фабрика айналысады. Оның сыртында 42 мыңға жуық адам жұмыс істейтін шағын кәсіпорындар астықты өңірдің дамуына айрықша үлес қосып отыр.
Қостанай өңірінде индустриялық-өнеркәсіптік секторды дамыту және әртараптандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Соның арқасында экономика өсімі байқалады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қоңқабаев айтты.
–Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Негізгі табыс көзі тау-кен өндірісі мен өңдеу саласынан түскен. Мәселен, өңдеу секторы 949,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 34,5%-ке артық. Мұндағы мойны озық көрсеткіш машина жасау саласына тиесілі. Жалпы, машина құрастыру – технологиялық тұрғыдан алғанда ең бір күрделі сала. Оны дамыту экономикаға айтарлықтай әсер етеді,– деді басқарма басшысы.
Өңірде өңдеуші саланы одан әрі дамыту үшін жаңа инвестициялық жобалар қолға алынбақ. Қазір құны 2,6 трлн теңгеге бағаланған 46 индустриялық инвестициялық жоба дайын тұр. Олар іске қосылғанда өңірде 10,6 мың адам жұмысқа орналасады. Биылғы жылдың өзінде 131 млрд теңгелік 13 ауқымды жоба ел кәдесіне асады. Яғни, екі мыңдай адамға жұмыс табылды. Басқарма басшысы алғашқы жартыжылдықта құны 2,4 млрд теңге болатын үш жоба жүзеге асқанын айтады. Мәселен, “СарыарқаАвтоПром” ЖШС jetour маркалы автомобильдердің ірі тораптық өндірісін (SKD) іске қосты. Мұнда жылына 10 мың көлік құрастырылады. Әзірге 288 автомобиль шығарылды. Сондай-ақ, ауқымды жобаның бірі – “Torgai Invest Group” ЖШС Арқалықтағы Торғай боксит-кен бірлестігіндегі жөндеу-механикалық цехының бұрынғы ғимаратында конвейерлік роликтер өндірісі қолға алынды. Қазіргі таңда мұнда 40 адам еңбек етеді. Маусым айында конвейерлік роликтердің бірінші партиясы іске қосылды Әзірге тәжірибелік сынақтар жүргізіліп жатыр. Өндірістің жоспарланған қуаттылығы – жылына 20 мың дана өнім шығару. Ал Лисаков қаласында арақ-шарап өндіретін “Азия Алко” ЖШС пайдалануға берілді. Жобаның құны 60 жұмыс орнын құрумен 1,0 млрд. теңгеден асады. Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін тағы он инвестициялық жоба ел игілігіне айналмақ. Мұның дені машина жасау секторына тиесілі. Сондай-ақ, тау-кен-металлургия кешені, жеңіл және химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, жаңартылатын энергия көздері және қызмет көрсету салалары өз жобаларын ұсынып отыр.
Тың жобаларды іске асыру үшін облыс әкімдігі жер телімдерін беру, нысандарға инженерлік инфрақұрылымды тарту, инвестициялық келісім-шарт жасасу кезінде салықтық және кедендік преференциялар жағынан жәрдемдеспек. Аталған инвестициялық жобаларды экономиканың аралас салаларын дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Бұл өңір халқының әл-ауқатын арттыруға үлкен сеп болары анық.
–Экономиканы әртараптандыру және бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру біздің басты міндетіміз. Бұған мемлекет те мейлінше қолдау танытып келеді. Яғни, Үкіметтің кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ілкімді жоспарлары жергілікті жерлерде аяқсыз қалмауы керек. Жаңа жобаларды іске асыру арқылы өңір экономикасын ілгерілету біздің өз қолымызда, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Әлібек Ыбырай
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.