Өткен жылы облыстағы жергілікті көлік жолдарын жөндеуге бюджеттен 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген-тұғын. Алайда, жоспарланған 57 жобаның тек 46-сы ғана аяқталды. Олардың кейбіреуі биылға қалды. Яғни, тоғыз жоба мердігерлердің кінәсінен жүзеге асқан жоқ. Мәселен, ұзындығы 23 шақырым болатын “Қостанай-Мамлютка” тас жолының учаскесін қалпына келтіру жұмыстарына тиісті қаражат бөлінсе де, қарағандылық мердігер ала жаздай тек белгілер орнатып, жол жиегін ғана жөндеумен шектелді. Тапсырыс берушілер мұндай шала істі қабылдамай, мердігерді сотқа берді. Тағы бір жағдай – Арқалық маңындағы айналма жолдың тағдыры да осы тақылеттес. Ол өткен жылы салынуы керек еді. Бірақ, құрылыс компаниясы жұмысқа шыққан жоқ. Олар қаражаттың жетіспеушілігін, құрылыс материалдарының жоқтығын алға тартып, ақталып бақты. Ақыры 108 млн теңге сол күйі игерілмей қалды.
“Біз мердігердің жұмыс істемеген уақытын анықтадық. Осылайша, сотқа жүгінуге тура келді. Сотта мердігер компания өз ісіне немқұрайлы қарады деп танылды. Енді біз жобаны түзетуге жібердік. Биыл оны қайтарып алмақпыз. Содан кейін бірден жаңа конкурс жариялаймыз”, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Сейдахметов.
Жалпы, өткен жылдан ауысқан жол құрылысының жобалары арасында республикалық маңызы бар күре жолдарды жөндеу жұмыстары басты назарда ұсталады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте өңір басшысы Құмар Ақсақалов айтып берді.
“Біз 2025 жылға дейін облыстағы үш мың шақырымдық жолды жөндеп, 95 процентін жақсы немесе қанағаттандырарлық жағдайға келтіруіміз керек. Бұған қоса, республикалық маңызы бар тас жолдарды жөндеу жұмыстары биыл жыл аяғына дейін аяқталуға тиіс. Мәселен, Сарыкөл кенті мен Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аралықтағы жолды жөндеу жұмыстары республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты жұмыс орта жолдан тоқтап қалды. Ұзынкөл-Троебрат бағытындағы күре жолдың мәселесі де осыған ұқсас. Ұлытау облысынан Арқалыққа дейінгі тас жолдың құрылысы өткен жылы басталды. Мердігерлер жол бойындағы суағарларды жаңартты. Бұл жұмыс биыл да жалғасатын болады. Осы үш бағыттағы жол құрылысы тиісті органдардың айрықша назарында болуы керек”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Әлібек Ыбырай