Өңірімізде бизнесті қорғаудың экожүйесі қалай іске асып жатыр?

Өңірімізде бизнесті қорғаудың экожүйесі қалай іске асып жатыр?

Облыстық  кәсіпкерлер палатасының алаңында прокуратура  өкілдері “Бизнесті қорғаудың экожүйесі” жобасы аясында апта сайын кәсіпкерлерді қабылдайды. Осындай  кезекті іс-шара облыс прокурорының аға көмекшісі Батырхан Бәжікеновтың қатысуымен өтті.  Оған қылмыстық іс жүргізу қатынастары шеңберінде өз құқықтарын қорғауға ниетті кәсіп иелері  жүгінді.

“Прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі маңызды басымдық – заңға бағынатын бизнесті қорғау. Осы жылдың басынан бастап бизнеске қатысты екі бірдей сотқа дейінгі тергеу бір тәуліктің ішінде тоқтатылды.  Облыстық  кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыста бизнесті, оның ішінде қылмыстық және әкімшілік процестерді заңсыз әрекеттерден қорғау мәселелеріне баса назар аударылды”, – дейді  Батырхан Бәжікенов.

Кәсіпкерлер  үшін бұл форматтың нәтижелері  айқын. Өткен жылы ғана облыс прокуратурасы кәсіпкерлер палатасының алаңында қырықтан астам бизнес өкілін жеке қабылдап, онда 100-ге жуық өтініш қаралды. Мәселен, 2023 жылдың қыркүйегінде ЕАЭО-дан импорттық  тауарларды алғаннан кейін “электрондық шот-фактуралар” жүйесінде тауарға ілеспе жүк құжаттарды растау мерзімдерін бұзу мәселесі сөз болды. Нәтижесінде облыстағы  алты  мыңнан астам кәсіпорын айыппұлдар мен сот процестерінен құтылды.

Прокуратура қабылдауында айтылған барлық мәселе  назарға алынды. Айта кету керек, бизнесті қорғау экожүйесі прокуратура органдарының ұдайы  бақылауында болмақ.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу