Жыл соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен толықтай қаму – Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырма. Алда күздің екі айы ғана қалғанын ескерсек, қамшы баса түсу керек. Қазір өңірде жұмыс ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Айтылар сын-ескертпелер де бар. Облыс әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен өткен жиында осы мәселе қаралды.
Былтыр облыста қала халқының ауыз суға қолжетімділігі 99 пайызды межелеген-ді. Ал осы мәселені түбегейлі шешкен ауыл жұртының үлесі 91,3% еді. Қалалардан қалып отырғаны – Арқалық пен Тобыл ғана. Сондай-ақ биылдан кешіктірмей 37 ауылды сумен қамсыздандыру керек. Сонымен жоспар жабылады. Әзірге, биыл бес ауылда желі тарту жұмысы аяқталған.

«Жалпы, биыл сумен қамту, су тарату қызметімен қамсыздандыру үшін облыста 54 жобаға 32, 2 млрд теңге бөлінді. 17 қыркүйекке дейін игерілгені – 23 млрд теңге. Аудан-қала әкімдері нысандарды пайдалануға беру кестесінің тиісті жоспарын бекіткен. Оны орындауға көп уақыт қалған жоқ. Сондықтан жобаларды аяқтау үшін құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын еселей түсу қажет», – дейді облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Арман Жүнісов.
Басқарма басшысы әр аудан-қалаға жекелей тоқталып, қай ауылда құрылыс қалай жүріп жатқанын егжей-тегжейлі баяндады. Мәселен, ол жария еткен мәліметтерге сүйенсек, тұрғындарды сумен қамту үлесі жөнінен Жанкелдин (99,6%), Денисов (97,1%), Әулиекөл (94,9%), Майлин (97,2%), Қарасу (93,5%), Арқалық (96,5%) межеге жақындай түскен. Тізімнің төменгі сатысында Қарабалық (85,9), Қостанай (ауылда 79,5) Алтынсарин (86), Жітіқара (88,4) аудандары келеді.
«Түйткілді мәселелер де қолбайлау. Айталық, Қарабалық ауданында құрылыс-монтаж жұмысын сапасыз орындаған мердігер ұйым сотқа тартылды. Қазір айыпты «Инсект» ЖШС мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы арасында сот талқылауы жүріп жатыр. Осы айда мердігер мемлекеттік сатыпалымның алақол, жосықсыз қатысушысы деп танылды. Меңдіқара ауданы Лесной, Березов ауылдарындағы жобалық ұңғыма жария етілген қажеттілікке сәйкес келмейді. Енді Костычев учаскесіндегі жерасты суы пайдаланылады. Бұл суағар ұзындығын 3,5 шақырымға соуға мәжбүрлеп отыр. Жалпы, көптеген аудан жұмысты барынша жеделдете түсуі керек», – дейді Арман Жүнісов.
Бұдан соң жиынға онлайн қатысқан Қарасу, Қостанай аудандарының әкімдеріне сөз ұсынылып, олар қазір атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Бұл өңірлерде де жұмыстар аяқталуға жақын. Айта кету керек, Қарабалық ауданының Приречный, Қостанай ауданындағы Константинов, Денисов ауданындағы Глебов ауылдарында жұмыстар тәмамдалып, іске қосуға дайындық жүргізіліп жатыр.
«Кез келген ауылға су құбырын тарту кезінде менің әкімдерден және жобаны орындаушылардане үнемі талап ететінім – әр тұрғынның су жүйесіне қосылуын қамсыздандыру жұмыстарын жалғастыру. Су ауыл шетіне келіп қана қоймай, әр шаңырақ игілігін көруі керек. Соңғы екі жылда шамамен 20 мыңға жуық үйге су кіргізілді. Биыл олардың қатары ауылдарда 5990 аулаға көбейеді. Суды үйге кіргізудің анағұрлым үнемді тәсілдері бар. Солардың бірі – санация. Құбырға құбыр жалғау арқылы процесті оңтайландыру, шығынды азайту тәжірибесін бірнеше ауданымыз сәтті қолданды. Жалпы, осы мәселе бақылауда ұсталуы керек», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы тариф мәселесін де қозғай өтті. Оның мәліметінше, Б.Майлин ауданындағы Красносельский, Денисов ауданыдағы Фрунзе ауылында су тарифі әлі күнге бекітілмеген. Мұны облыс әкімі аталған елді мекендерде халықпен кездесу өткізгенде ел аузынан естіген. Бұл – коммуналдық кәсіпорындар суды ақысыз беріп, шығынға ұшырап отыр деген сөз. Қазір тариятерге экономикалық сараптама жүргізіліп, облыстық бағам орнықтыру жайы пысықталып жатыр.
«Айта кету керек, бүгін бізде сумен қамту қызметінің өзіндік құны 200-ден 5,5 мың теңге аралығында. Демек, бір текше суды елді мекенге жеткізу құны орта есеппен 2500-3000 теңгеге тең. Тұрғындар 55-70 теңге төлейді, яғни мемлекет 98 пайызын өтеу арқылы негізгі шығындарды мойнына алады. Облыстық бюджеттен субсидия бөлінуі арқасында халыққа тиетін төлем үлесі екі пайыз шамасында қалып отыр. Осы мақсатқа 2,3 млрд теңге бағытталды. Бұл –мемлекеттің су бағасын арзандату бағытында жүргізіп отырған әлеуметтік саясатының ықпалы», – деді Құмар Іргебайұлы.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жыл соңына дейін сумен қамту жоспарын жүз пайыз орындау үшін аудан-қала әкімдеріне жобаларды уақытылы әрі мінсіз аяқтауды тапсырды. Әсіресе, мердігер ұйымдардың жұмыс сапасы мен қарқынын қадағалау қаперде ұсталуы керегін міндеттеді.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
иллюстрация: Pixabay
